Мұрат Нұртілеудің Сыртқы істер министрі қызметінен кетіп, Президенттің халықаралық инвестиция мен сауда жөніндегі көмекшісі болып тағайындалуы көпшілік күткендей төмендеу емес, керісінше стратегиялық маңызы бар шешім болып шықты, деп хабарлайды Ertenmedia. Respublika-ның пайымдауынша сырт көзге екі саты төмен қызметке кеткендей көрінген Нұртілеу Ақорда үшін әлі де сенімді фигура. Соңғы кезде сан түрлі қауесеттің қақ ортасында жүрген саясаткер министр қызметінен түсіп қалғанына аса қатты қайғырмайтын секілді.
Нұртілеудің жаңа қызметіндегі міндеті де ерекше мәнге ие дейді. Президенттің халықаралық инвестиция мен сауда жөніндегі уәзірі бола отырып, ол Қазақстанға инвестиция салуға мүдделі шетелдік алпауыттармен жоғары деңгейде келіссөз жүргізуге құқылы тұлғаға айналды. Ақорданың әзіргі бас ауруы инвестицияның сарқылып жатқаны. Сыртқы инвесторлардың белсенділігі бәсеңдесе, ішкі инвесторлар капиталын әлі де болса шетелге тасығанды жөн көреді. Бұдан шығудың жалғыз амалы кезінде шетел асқан миллиардтарды елге қайтару. Бас прокурордың жуырдағы мәлімдемесі осы аргументке дәлел. Асыловтың сөзінше прокуратура олигополия өкілдерімен тіл табысып, олардың ел экономикасына 5,2 триллион теңге инвестиция салуына жол ашқан.
Швейцария секілді елдер құпия есеп-шоттардың кодын ұсынып, Батыс елдері оффшор аймаққа қысымды күшейткен шақта, мұндай капиталдың Қазақстанға қайтуы әлдеқайда қауіпсіз болмақ. Тоқ етерін айтқанда, Нұртілеу президент Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен және оның саяси қолдауымен Қазақстаннан заңсыз шығарылған қыруар қаржыны елге қайтару бойынша аса маңызды миссияны өз мойнына алып отыр.