Munarmedia.kz. 08.07.2025 ж /Астана/-АҚШ 1 тамыздан бастап Қазақстаннан әкелінетін барлық өнімге 25 пайыз көлемінде импорттық баж салығын енгізеді. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жолдаған ресми хатында хабарлады.
Хатта Трамп бұл мәлімдемені жасау — өзі үшін «үлкен мәртебе» екенін атап өтеді. Оның айтуынша, бұл қадам екі ел арасындағы сауда байланыстарының берік екенін көрсете отырып, АҚШ-тың ұзақ мерзімді сауда тапшылықтарымен күреске бағытталған жаңа стратегиясын білдіреді.
Сонымен қатар, Трамп жаңа баж салығы АҚШ аумағында тікелей өнім өндіретін компанияларға әсер етпейтінін нақтылады.
АҚШ көшбасшысы Қазақстан тарапына ескерту де жасады:
«Егер Қазақстан жауап ретінде тарифтік шаралар қабылдайтын болса, Вашингтон бұл қарсы баждарды бұрын енгізілген 25 пайыздық салыққа қосымша ретінде қарастырады», — делінген хатта.
Бұл шешім екіжақты сауда қатынастарында жаңа шиеленістерге жол ашуы мүмкін. Әзірге Қазақстан тарапы ресми жауап берген жоқ.