Трамп Қытайға қосымша 100% кедендік тариф енгізетінін жариялады

40

Munarmedia.kz 12.10.2025 /Астана/ АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан келетін тауарларға қосымша 100 пайыздық кедендік баж салығын енгізу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Бұл қадам Бейжің сирек жер металдарының экспортына бақылауды күшейтетіні жөнінде хабарлағаннан кейін жасалды.

«Америка Құрама Штаттары Қытайға қазіргі төленіп жатқан кез келген тарифтен бөлек, 100 пайыздық тариф енгізеді», – деп жазды Трамп Truth әлеуметтік желісінде. Оның айтуынша, бұл шара Қытайдың алдағы әрекеттеріне байланысты мерзімінен бұрын да күшіне енуі мүмкін.

Сонымен қатар, 1 қарашадан бастап АҚШ маңызды бағдарламалық қамтамасыз ету түрлерінің барлығына экспорттық бақылау енгізуді жоспарлап отыр.

Трамптың айтуынша, Қытай 1 қарашадан бастап «дерлік барлық өндірілетін өнімге және өзге елдерде шығарылатын кейбір тауарларға ауқымды экспорттық шектеу қоятыны» туралы «өте өктем хат» жолдаған.

Бұған дейін Трамп ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен қазан айының соңында Оңтүстік Кореяда өтетін Азиаттық-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастық саммиті аясында жоспарланған кездесу тиімді бола ма деген күмәнін білдірген.

9 қазанда Қытай билігі сирек жер металдарының экспортына бақылауды күшейту туралы шешім қабылдады. Енді тауар құнының небәрі 0,1%-ын құрайтын аз мөлшердегі сирек металдарға да экспорттық лицензия талап етіледі. Сондай-ақ, бұл шектеулер сирек жер металдарын өндіру, балқыту және бөлу технологияларына да қатысты.