Munarmedia.kz 19.10.2025 /Астана/ АҚШ Президенті Дональд Трамп Украина мен Ресей арасындағы қақтығыстың жаһандық соғысқа ұласуына жол бермейтінін мәлімдеді. 16 қазанда Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында ол бұл бағытта бар күшін салып жатқанын айтты.
Трамптың айтуынша, соғысты тоқтату – Еуропа құрлығы мен миллиондаған адамның болашағы үшін қажет. Ол АҚШ-тың Еуропадан мұхитпен бөлінгенін, бірақ соған қарамастан бейбітшілікке мүдделі екенін атап өтті.
— Біз қантөгісті тоқтатып, бейбітшілік орнатуға ұмтыламыз. Бұл тек АҚШ үшін емес, бүкіл адамзат үшін маңызды, – деді ол.
АҚШ басшысы қақтығыстың ушығуына алдыңғы президент Джо Байденді кінәлады. Оның пікірінше, Байденнің қабылдаған шешімдері украин мәселесінде «толықтай былық» тудырған.
— Егер мен президент болғанда, Путин мұндай қадамға бармас еді. Ол кезде мүлдем басқа саясат жүргізілді, – деді Трамп.
Сондай-ақ, Трамп алдағы екі апта ішінде Ресей президенті Владимир Путинмен Будапештте кездесетінін хабарлады. Кездесудің алдында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен келіссөздер өткізбек. Бұл диалогқа АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс пен Президенттің арнайы өкілі Стив Уиткофф та қатысады.
Трамптың айтуынша, Владимир Путин мен Украина президенті Владимир Зеленский арасындағы қарым-қатынас аса күрделі күйде қалып отыр. Бұл ортақ келіссөз ұйымдастыруға кедергі келтіруі мүмкін.
Сондай-ақ, Трамп Путинмен арада АҚШ-тың Украинаға Tomahawk зымырандарын жеткізу мүмкіндігін талқылағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл идея Ресей басшысының көңілінен шықпаған.
17 қазанда Трамп пен Украина президенті Зеленский арасында келіссөздер өтуі тиіс. Зеленский АҚШ-қа сапармен келген болатын. Кездесуде алыс қашықтыққа арналған Tomahawk зымырандарын жеткізу мәселесі басты тақырыптардың бірі болмақ. Зеленский бұған дейін бұл қару тек әскери нысандарға қарсы қолданылатынын мәлімдеген.
Оның алдында Трамп пен Путин екі сағаттық телефон арқылы сөйлесіп, нәтижесінде Будапешттегі бетпе-бет кездесуге уағдаласқан. Зеленский өз Telegram-арнасында Мәскеу АҚШ-тан Tomahawk зымырандары жөнінде хабар алған соң бірден келіссөзге мүдделілік танытқанын жазды.