Munarmedia 19.03.2026 /Астана/ — АҚШ Ұлттық терроризмге қарсы орталығы басшысы Джо Кент Иранмен байланысты ахуалға байланысты қызметінен кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Munarmedia.
Бұған дейін Дональд Трамп әкімшілігінде терроризмге қарсы саясатты үйлестірген Кент өз шешімін әлеуметтік желідегі X парақшасында жариялаған хатында түсіндірді.
«Иран біздің ел үшін тікелей қауіп төндірген жоқ. Бұл соғыстың Израиль және АҚШ-тағы ықпалды лобби қысымымен басталғаны анық», – деді ол Трампқа жолдаған үндеуінде.
Кент Дональд Трамп командасының мүшесі әрі оның ұзақ жылдар бойғы жақтастарының бірі болған. Ол израильдік шенеуніктер мен америкалық бұқаралық ақпарат құралдарын жалған ақпарат тарату науқанын жүргізді деп айыптап, қазіргі жағдайды Ирак соғысы алдындағы кезеңмен салыстырды.
Сонымен қатар, Кент Трампты қақтығысты тоқтатуға шақырды.
«Барлық шешім сіздің қолыңызда. Бағытты өзгертуге мүмкіндігіңіз бар», – делінген оның мәлімдемесінде.