Түрікменстанда студенттерді Роналду ойнайтын матчқа «ұран айтуға» мәжбүрлеуде

26

Munarmedia.kz 29.01.2026 /Астана/ Түрікменстанда жоғары оқу орындарының студенттерін «Аркадаг» клубы мен Криштиану Роналду ойнайтын саудиялық «Әл-Наср» командасы арасындағы матчқа дайындыққа күштеп қатыстыру фактілері тіркеліп отыр. БАҚ мәліметінше, 11 ақпанда өтетін ойынға орай ашхабадтық ЖОО студенттерін Олимпиадалық стадионға автобуспен жеткізіп, суықта ұрандар (кричалкалар) айтуға, «толқын» жасауға мәжбүрлеуде.

Ақпарат көздерінің хабарлауынша, студенттер телекамералар тікелей бағытталатын секторларға орналастырылмақ. Репетицияларға Түрікмен мемлекеттік университетінің, Халықаралық мұнай және газ университетінің, Түрікмен ұлттық әлем тілдері институтының, Дене шынықтыру және спорт мемлекеттік институтының студенттері қатысуда.

Журналистердің жазуынша, Түрікменстанда студенттер мен бюджеттік сала қызметкерлерінің маңызды бұқаралық іс-шараларға қатысуы үкімет деңгейінде қадағаланады. Ең сорақысы — спорттық матчтарға «ерікті түрде міндеттелген» көрермендерден ақша да талап етіледі.

Сонымен қатар, «чаре» деп аталатын міндетті жаппай іс-шараларға бару үшін қатысушылар дресс-кодты сақтауға қосымша шығын шығарады. Бұл жолы студенттерден арнайы спорттық киім сатып алу талап етілген. Кейбір студенттер мұндай шаралардан пара беру арқылы ғана босай алатыны да айтылып жүр.

Мәліметтерге сәйкес, студенттерге чаре үшін арналған киім сабаққа қажетті формадан бөлек міндеттеледі. Осылайша олар бірден жаппай көрініс «актерлеріне» айналады.

Дегенмен, бұл жүйенің өзіндік «артықшылықтары» да бар екені айтылады: жасыл түсті форма киген жаппай көрініс қатысушыларын фото және бейнерепортаждар әдемі шығуы үшін ең жақсы орындарға отырғызады.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай Түрікменстанда жастардың еркіндігі мен азаматтық таңдауының шектелуі мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарып отыр.