Munarmedia.kz 30.12.2025 /Астана/ –Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, құқық қорғау органдарына жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, үйінен алтын әшекейлер мен қомақты көлемдегі ақшалай қаражат жоғалған.
Аталған дерек бойынша жедел-тергеу тобы құрылып, жүргізілген шаралар нәтижесінде ұрлыққа жәбірленушінің келіні қатысы бар екені белгілі болды.
Тергеу барысында күдіктінің биылғы мамыр айынан бері енесінің үйінен алтын бұйымдар мен қолма-қол ақшаны жүйелі түрде алып отырғаны анықталды. Келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 8,5 миллион теңгені құраған.
Полиция дерегінше, күдікті ұрланған алтын әшекейлерді ломбардтарға өткізіп, түскен қаражатты құмар ойындарға жұмсаған.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.