Түркістан облысында қуаңшылықтан мал қырылып жатыр

90

Munarmedia.kz | 18.06.2025 / Астана-Түркістан облысының бірқатар аудандарында аномальді аптап ыстық пен жауын-шашынның мүлде болмауы жайылымдардың қурап кетуіне әкеп соқты. Соның салдарынан өңірде мал жаппай қырыла бастады.

🔻 Қазір фермерлер келген шығынды есептеп жатыр. Алайда алдын ала деректерге сүйенсек, мал шығыны ондаған басқа жеткен. Сонымен қатар, шөп бағасының күрт қымбаттауы да шаруаларды тығырыққа тіреуде. Олар мұндай жағдай мал шаруашылығымен айналысуды мүлде қиындатып жібергенін айтуда.

Қуаңшылықтың зардабы тек мал шаруашылығына ғана емес, ауыл шаруашылығының өзге салаларына да айтарлықтай әсер етті. Жалпы көлемі шамамен 190 гектар болатын егіс алқаптарының 10 пайызы жарамсыз күйге түсті.

🔹 Мамандар жағдайдың алдағы апталарда одан әрі ушығуы мүмкін екенін ескертіп отыр. Егер тиісті шаралар қабылданбаса, ауыл шаруашылығы саласындағы дағдарыс тереңдей түспек. Қазіргі таңда жергілікті билік пен төтенше жағдайлар қызметі ахуалды бақылауда ұстап отырмыз деп мәлімдеді.

🔹«Малымыздың шөбі де, суы да таусылды. Сатып алатын шөп бағасы шарықтап тұр. Бұл – біз үшін үлкен сынақ», – дейді Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы шаруа қожалығының иесі.

Бұл оқиға өңірдің экологиялық және экономикалық осалдығын тағы бір мәрте көрсетіп отыр. Тиісті органдар тарапынан қолдау болмаса, жағдай ауыл шаруашылығымен айналысатын мыңдаған азаматтың күнкөрісіне қауіп төндірмек.