Түркістан облысында шекарада жүк көлігі жүргізушілерінен заңсыз ақша жинаған қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды

53

АСТАНА. 2 шілде. Munarmedia.kz – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Түркістан облысында мемлекеттік шекарада заңсыз делдалдық қызмет көрсетіп, ауыр жүк көліктерінің жүргізушілерінен ақша бопсалаумен айналысқан қылмыстық топтың жолы кесілгенін хабарлады.

Тергеу мәліметіне сәйкес, топ мүшелері мемлекеттік шекара арқылы өтетін жүк көліктерінің жүргізушілеріне кедендік рәсімдерді жеделдетіп өткізу қызметін ұсынып, ол үшін заңсыз сыйақы алып отырған деген күдікке ілінген.

Жиналған материалдардың негізінде 17 адамға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Олардың бесеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Арнайы операция барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері 5 дана атыс және пневматикалық қаруды, ірі көлемдегі ақшалай қаражатты, сондай-ақ қылмыстық іске қатысты өзге де заттай дәлелдемелерді тәркіледі.

Қазіргі уақытта тергеушілер шекарадағы заңсыз қаржы табу схемасының барлық мән-жайын анықтап, қылмыстық топтың қызметіне қатысы болуы мүмкін өзге тұлғаларды тексеріп жатыр.

Әзірге қылмыстық әрекет нақты қай шекара өткізу пунктінде жүзеге асырылғаны жарияланған жоқ. Түркістан облысы Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттерімен шектеседі.

#Munarmedia #Астана #Түркістан #ҰҚК #Шекара #Қылмыс #Кеден #ЖүкКөлігі #Қазақстан