Munarmedia.kz 08.01.2026 /Астана/– Коссеит ауылының 41 жастағы тұрғыны Алмас Садакбаев қартайған, дәрменсіз күйдегі әкесін азаптағаны және денсаулығына қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін айыпталып отыр.
Іс Жетісай аудандық сотында қаралуда. Бүгін сот отырысында куәгерлерден жауап алынып жатыр.
Сот барысында белгілі болғандай, әкеге жасалған қорлықты бейнелейтін сорақы видеолар алдымен жергілікті чаттарда тараған, кейін бүкіл елге жария болған. Қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл жағдай жұрттың ашу-ызасын тудырғанымен, сол кезде ешкім полицияға ресми түрде хабарламаған.
Атап айтқанда, ауылдық амбулаторияның дәрігері Гүлжан Чукманова, аталған іс бойынша куә ретінде, бейнежазбаларды көрген соң Коссеит ауылдық округінің әкімі Нұрбол Жайнарға жүгініп, оны қатыгез ұлымен сөйлесуге шақырғанын айтты. Сонымен қатар ол жәбір көрген қарт Есіркеп Садакбаевтың үйіне арнайы барып, жағдайын көрген. Дәрігердің айтуынша, сол кезде ақсақал төсек тартып жатқан, әлсіз болғанымен, күтімі жаман емес күйде болған.
Ауылдық округ әкімі Нұрбол Жайнар да сотта куәлік берді. Ол бейнежазбаларды айыпталушының әкесі қайтыс болғаннан кейін ғана көргенін мәлімдеді. Осыдан кейін Алмас Садакбаевты әңгімеге шақырып, учаскелік полиция қызметкерін де қатыстырған. Алайда айыпталушы әкесіне зәбір көрсеткенін жоққа шығарып, қарияның ауыр науқас екенін және оған күтім жасаудың қиын болғанын алға тартқан.
2025 жылғы 2 қыркүйекте ұзақ уақыт азап шеккен қарт Есіркеп Садакбаев көз жұмған. Жергілікті дәрігерлер өлім табиғи себептерден болғаны жөнінде анықтама беріп, марқұм жерленген. Кейін ұлына қатысты қылмыстық іс қозғалған соң, тергеу аясында мәйіт эксгумацияланған.
Айта кетейік, 70 жастағы Есіркеп Садакбаевқа жасалған қорлық туралы ақпарат осы жылдың қыркүйек айында белгілі болды. Айыпталушы Алмас Садакбаев отбасымен бірге Коссеит ауылына былтырғы жылдың шілде айында көшіп келген. Ол жергілікті мәдениет үйіне әдіскер болып жұмысқа орналасып, бір кезеңде мешітте азан да шақырған.
Қарт әкесі инсульт алып, өздігінен қозғалу мүмкіндігінен айырылғандықтан, қарсыласуға қауқарсыз болған. Сондай-ақ айыпталушының жұбайы да қайын атасына қатысты қатыгездік әрекеттерге барғаны туралы деректер айтылғанымен, ол сотталушылар қатарында жоқ. Оның үстінен қозғалған іс дәлелдердің жеткіліксіздігіне байланысты кейін жабылғаны хабарланды.