Түркістан облысындағы ауыр қылмыс: үш ағайындыға үкім шықты

37



Munarmedia.kz 09.10.2025 /Астана/ Келес аудандық соты ерекше резонанс тудырған іске нүкте қойды. Психикалық  дамуында тежелісі бар, II топ мүгедегі болған 24 жастағы жігітке бірнеше жыл бойы жыныстық зорлық көрсеткен деген айыппен үш ағайынды кінәлі деп танылып, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Бұл оқиға 2025 жылдың ақпан айында белгілі болған еді. Марқұм әкенің ұлдары — туған ағайындылар — өздерінің дәрменсіз туысқанын ұзақ уақыт бойы қорлап келген. Жәбірленуші — тұйық, сабырлы мінезді жас жігіт — барлық болған оқиғаны анасына ашық айтып берген. Тергеу барысында ол алты ағайындыны көрсетті, бірақ айып тек үшеуіне тағылды. Біреуі кәмелетке толмағандықтан, іс қараудан тыс қалған. Сотталушылардың ең үлкені 27-де, кенжесі – 20-да ғана.

Сот үкімінде келтірілген деректер жан түршігерлік. 7 ақпанда айыпталушы Б. туысының үйіне заңсыз кіріп, 41 мың теңге ұрлаған. Осы сәтте ол II топтағы мүгедекке қарсы сексуалдық сипаттағы зорлық әрекеттерін жасаған. Араға бірнеше күн салып, 16 ақпанда, ол тағы да өзге сотталушылармен сөз байласып, жәбірленушіні қорлауды жалғастырған.

Бұл істі жүргізген Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі барлық мәліметтерді нақтылап берді. Айта кетерлігі, күдіктілер ауылдағы жиында жергілікті имамның алдында кінәларын бір рет мойындаған, алайда кейін барлығын жоққа шығарып, сот барысында да өздеріне тағылған айыптарды мойындамады.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Гулайхан Турсуманованың айтуынша, тергеу мен сот барысында жәбірленуші нақты әрі сенімді айғақтар келтірген. Сонымен қатар, сот-медициналық сараптамалар да олардың кінәсін дәлелдеген.

– Біздің түсінбейтініміз – жәбірленуші алты адамға нақты сілтеме жасағанымен, үшеуі ғана сотқа тартылды. Қалған үшеуі неге жауапқа тартылмағаны біз үшін жұмбақ күйінде қалып отыр, – дейді қорғаушы.

Соттың шешімімен әр айыпталушыға 9 жылдан жаза кесілді. Сонымен қатар, олар моральдық зиян ретінде жәбірленушіге 5 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді. Алайда, қорғаушы тарап бұл соманы әрбір сотталушыдан бөлек өндіруді сұраған болатын.

Айта кету керек, үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.