Жағдайға мониторинг жасау мен жедел ден қоюды жақсарту үшін жаңа технологиялар мен жүйелер енгізілді.
«Тәулік бойы өрт жағдайына мониторинг жүргізіп отыру үшін “Ертіс орманы”, “Бурабай”, “Семей орманы”, “Медеу”, сондай-ақ Қостанай облысы орман шаруашылықтарының бейнебақылау жүйелері Министрліктің Дағдарыс орталығына қосылған. Сондай-ақ “Орман” және “Табиғат” жүйелері біріктірілген. Сонымен қатар найзағайдың белсенділігі мен термалды нүктелер туралы мәліметтерге талдау жасау арқылы өрттің тұтануына ден қойылады», — деп атап өтті Ш. Әрінов.
Бұған қоса, өңірлерде аэровизуалды барлау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары белсенді түрде қолданылады. Бұл шаралар өртті ерте анықтауға және уақытылы әрекет етуге бағытталған, бұл өртке қарсы күрестің тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар министр табиғи өрттермен күресу стратегиясының оң нәтижелері туралы баяндады.
Ол күшейтілген шаралар мен жедел әрекет етудің арқасында өрттердің саны айтарлықтай азайғанын атап өтті.
Биыл табиғи өртпен күресте айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Орман өрті 3 есе, ал дала өрті 2 есе қысқарды.
Ол елді мекендерді қорғау үшін 26 жаңа өрт сөндіру бекеті ашылып, 43 ерікті өрт сөндіру бөлімі құрылғанын айтты.
Сонымен қатар биыл 11 мың рейд жүргізілді, оның барысында 3 мыңнан астам бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ішкі істер, Экология және табиғи ресурстар министрліктерімен бірлесіп, «Орман» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді, онда 802 адамның заңсыз әрекеттерінің жолы кесілді.