Munarmedia.kz 07.03.2026 /Astana/ – Украина Сыртқы істер министрлігі Венгрия аумағында жеті украин азаматы мен мемлекеттік «Ощадбанк» банкіне тиесілі қаржы мен құндылықтар ұсталып отырғанын мәлімдеді.
«Ощадбанк» таратқан ақпаратқа сәйкес, банк қызметкерлері Австриядан Украинаға ақша мен бағалы заттарды екі инкассаторлық көлікпен тасымалдап келе жатқан. Жолда оларды Венгрия билігі тоқтатып, қызметкерлерді ұстап қалғаны айтылды.
Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сибига бұл оқиғаны растады және ұсталған азаматтарды дереу босатуды талап етті. GPS деректеріне сүйенсек, инкассаторлық көліктер қазір Будапешт қаласының орталығында, Венгрияның құқық қорғау органдарының біріне жақын маңда тұр.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұсталған көліктерде шамамен 40 миллион АҚШ доллары, 35 миллион еуро және 9 келі алтын болған.
Бұл жағдай Венгрия мен Украина арасындағы саяси шиеленіс аясында орын алып отыр. Бұған дейін Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан мен Украина президенті Владимир Зеленский арасында келіспеушіліктер туындаған. Будапешттің негізгі наразылығы – Украина «Дружба» мұнай құбырының жұмысын шектеуіне байланысты.
Виктор Орбан Еуропаға мұнай жеткізілімін бақылауды қалпына келтіру үшін күш қолдануға да дайын екенін мәлімдеген. Оның пікірінше, Украина, Брюссель және Тиса партиясы Венгрияны арзан ресейлік мұнайдан ажырату үшін келіссөздерді Будапешттің сыртынан жүргізіп жатыр.
Толығырақ біздің Telegram арнамызда:
https://t.me/Munarmedia