Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы: Ерлік пен рухты ұлықтаған Таразда тағылымды апталық өтті

67


Тараз қаласындағы Ұлттық ұланның 5513 әскери бөлімінің сарбаздары қатысқан екі рухани іс-шара – мәңгілік тағылым айнасы

2025 жыл – бүкіл адамзат тарихындағы ең ауыр зұлматтың, Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толып отырған ерекше жыл. Бұл – жеңісті жақындатқан батыр бабаларға тағзым етіп, олардың жанқиярлық ерлігі мен ел алдындағы адалдығын ұрпақ жадында мәңгілікке қалдыруға арналған кезең. Осыған орай Жамбыл облысында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында бірқатар тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылып, оған ҚР Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінің сарбаздары белсенді түрде қатысты.


Апта ішінде өткен екі бірдей маңызды мәдени-рухани кездесу – Асқар Тоқпанов атындағы облыстық драма театрында сахналанған “Жәмилә” қойылымы мен “Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығы” ұйымдастырған “Соғыстың салған зардабы” атты танымдық кеші жас ұрпаққа терең ой салып, ерлік пен махаббат, тарих пен тағылым туралы сан қырлы сыр шертті.


“Жәмилә” – сезім мен сана тартысы сахнада


Апта басында 5513 әскери бөлімінің сарбаздары көрнекті жазушы Шыңғыс Айтматовтың әлем әдебиетін мойындатқан “Жәмилә” повесі негізінде сахналанған спектакльді тамашалады. Соғыс кезіндегі ауыр тұрмыс, ішкі арпалыс, адам жанындағы терең сезімдер бейнеленген бұл қойылым сарбаздарға ерекше әсер сыйлады.


Қойылым Жәмилә мен майданнан оралған Данияр арасындағы нәзік сезім арқылы махаббат, еркіндік пен таңдаудың қадірін көрсетті. Әсіресе, Жәмилә бейнесінің ішкі еркіндікке ұмтылысы, қоғам мен сана шеңберінен шығуға талпынысы – көрермен жүрегіне жол тапты.


Спектакльден кейін сарбаздармен өткен сұхбатта олардың бірі: “Жәмилә – әйел бейнесі ғана емес, сол кезеңдегі мыңдаған адамның ішкі жан айқайы. Ол – еркіндік пен махаббаттың символы”, – деп әсерін бөлісті.


“Соғыстың салған зардабы” – жүректерге жеткен жыр мен тағылым

2025 жылдың 5 мамырында “Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығында” өткен “Соғыстың салған зардабы” атты танымдық кеш те ел тарихына, ерлікке, рухқа тағзым етудің бір жарқын көрінісіне айналды.

Кештің шымылдығы Бауыржантану орталығының аға ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының магистрі Әлімбай Найзабаевтың сөзімен ашылды. Мерекелік шара айтыскер ақын Нұрлыбек Құрмановтың Ұлы Жеңіске арналған “Арнауымен” жалғасып, Б.Момышұлының соғыс кезіндегі ерліктері мен естеліктері туралы мағыналы баяндама тыңдалды.

Кеш барысында жас өнерпаздар – айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер үйірмесінің мүшелері өз өнерлерін көрсетіп, сарбаздарға рухты жыр мен елдік сарын сыйлады. Сонымен қатар, 5513 әскери бөлімінің сарбазы Тұрсынхан Насыров қазақ поэзиясының інжу-маржаны – Мұқағали Мақатаевтың “1941 жылғы ақпан”, “Соғыстың соңғы көктемі” және “Үш бақытым” атты өлеңдерін нақышына келтіре оқып, тыңдаушыларды терең тебіреніске бөледі.

Кеш соңында барша қатысушылар Шәмші Қалдаяқовтың “Бейбіт күн тілегі” әнін хормен орындап, ерлікке тағзым, бейбіт өмірге алғыс білдірді.

Рух пен тәрбиенің тоғысқан тұсы

5513 әскери бөлімінің сарбаздары үшін бұл іс-шаралар – рухани серпіліс пен ұлттық сана биігін сезінудің ерекше мүмкіндігі болды. Бірі – сахналық туынды арқылы адам жанындағы терең сезімдерге үңілуге жол ашса, екіншісі – өткен тарихтың нақты деректері мен жырларымен ұштасқан таным көзіне айналды.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – елдің, жердің, рухтың, ерліктің, бірліктің белгісі. Мұндай тағылымды шаралар сарбаздарға ел қорғау міндетінің маңызын тереңірек түсіндіреді.

Өткенге тағзым – болашаққа жол. Ұлы Жеңістің рухы – бүгінгі ұрпақтың санасында мәңгілікке сақталуы тиіс.