Халық тапқан табысының тең жартысын азық-түлікке жұмсайды – Елнұр Бейсенбаев
«AMANAT» партиясының депутаттары қысқы сапар барысында 644 елдімекенде 1,5 мыңға жуық кездесу өткізіп, жеке мәселелер бойынша қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырды. Яғни, депутаттар назарынан ешбір елдімекен, мәселе көтерген тұрғын тыс қалмады. Осылай деген Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев сайлаушылардан мыңнан астам ұсыныстар мен талап-тілектер жинақталып, Үкіметке берілгенін айтты.
Бұлардың артында халықты толғандырып жүрген жүйелі мәселелер, түйіні тарқатылмай келе жатқан мыңдаған түйткіл мен он миллион адамның тағдыры жатыр. Үкімет үшін дайын Жол картасы деуге болады. Дегенмен, Үкіметтен мыңнан астам сұрақтың басым бөлігіне сырғытпа жауаптар мен формальды ұсыныстар келді. Оның ішінде МӘМС бойынша қаражат аударғанымен, тиісті медициналық қызмет ала алмаған азаматтардың, «Ауыл – ел бесігі» жобасына кірмеген проблемалық ауылдардың, уақытылы индустриалды сертификат ала алмай сарсаңға түскен кәсіпкердің, әлеуметтік пакетсіз ішкі істер органдарынан зейнеткерлікке шыққан ардагердің жанайқайы мен талап-тілектері бар. Тағы бір жәйт – жергілікті жерде шешілуі тиіс мәселелердің республикалық деңгейге көтерілуі тағы бар. Сонымен қатар, азаматтар жылдан-жылға созылып, жүйелі шешімін таппай келе жатқан бірқатар мәселелерді көтеруде, - деді депутат.
Оның айтуынша, бірінші кезекте халықты бағаның өсуі, табыстың төмендігі қатты алаңдатады.
Ел тұрғындарының тапқан табысының тең жартысы азық-түлікке жұмсалып, кедейшілікке тап болғандардың саны бір миллион адамнан асып кетті. Бұл бір. Екінші. Жұмыссыздық мәселесі халықты ерекше алаңдатып отыр. Сайлаушылармен кездескенде бұл да жиі көтерілген мәселенің бірі болды. Министрлік жылына 950 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтыдық дейді. Бұл цифрға сенетін тек министрліктің өзі ғана болар. Расында, ашылған жұмыс орындарының басым бөлігі уақытша, табысы аз салаларда. Тұрақты жұмыс орындарын ашу ісі мардымсыз ұйымдастырылуда. Үшінші. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету проблемасының жалғасып келе жатқанына ширек ғасыр болды. Осы санатта кезекте тұрғандар саны – 640 мың адам. Жақын арада бұл көрсеткіш 1 миллионнан асуы мүмкін. Бұл мәселені ескертіп келе жатқанымызға үш жылдың жүзі болды. Сең қозғалар емес. Төртінші. Ірі қалалардың тұрғындары саяжай алқаптары мен агломерация проблемаларын көтеруде. Мысалы, Алматының іргесіндегі саяжайларда 100 мың, Астанада 50 мың, Алматы облысындағы саяжаларда 250 мың адам тұрады. Еліміз бойынша дачалық массивтерде шамамен 700 мыңнан астам адам саяжайды баспана етіп отыр. Бұл ертелі-кеш шешімін табуы тиіс маңызды мәселе. Өйткені саяжайдың көбі тұрақты тұратын баспана мен ірі-ірі ықшам аудандарға айналған. Ал Үкімет осы мәселе бойынша нақты шешімдер қабылдар емес, - деді Елнұр Бейсенбаев.