Munarmedia.kz 01.02.2026 /Астана/ Өзбекстанның күштік құрылымдарындағы ауқымды кадрлық ауыс-түйістер ел басшысының қыздары — Саида мен Шахноза Мирзиёевалар арасындағы жасырын бақталастықпен байланыстырылады. Дереккөздердің хабарлауынша, ведомстволардағы қазіргі ротациялардың артында олардың ықпалды топтарының мүдделер қақтығысы тұр.
Президент әкімшілігін басқарып отырған Саида Мирзиёеваның позициясы әкесінің күштік блокты ашық сынға алуынан кейін айтарлықтай әлсіреген. Бұған дейін оның саяси салмағы Ішкі істер министрлігі құрылымдарында ықпалы болған қайын атасы — генерал Батыр Турсуновтың беделімен нығайтылып келген. Алайда Шахноза Мирзиёева мен оның жұбайы, іскерлік ортада байланыстары бар Отабек Умаров Турсуновқа қарсы белсенді «ақпараттық соғыс» жүргізгені айтылады.
Бұл текетірестің нәтижесінде президенттің бастамасымен Ішкі істер министрлігі, Ұлттық гвардия және Төтенше жағдайлар министрлігінде қайта ұйымдастыру жүргізілді. Мирзиёев құқық қорғау органдарының жұмысына көңілі толмайтынын білдіріп, бұрынғы жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу жүргізуді тапсырды. Бұл қадам отбасылық қақтығыстағы тараптардың бірінің ықпалын әлсіреткені байқалады.