Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Жалған ақпарат таратқаны үшін әр қолданушы жеке жауапты

120


Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева өз әлеуметтік желідегі парақшасында интернет платформаларда жалған және заңсыз ақпараттың таралуы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

Жазбасының басында министр жүргізілген мониторинг нәтижесінде интернетте жалған және күмәнді ақпараттың таралуы көбейгенін атап өтті.

"Осыған байланысты мен желілік ресурстардың әкімшілеріне өз жаңалықтар күнтәртібін мұқият бақылап, расталмаған ақпаратты таратпауға және заңсыз контентті жоюға шақырамын. Өз кезегінде, әлеуметтік желі қолданушыларынан да ойланбай әрекет жасамауды, ақпарат көзі болып табылатын интернет платформаның бұғатталуына әкеп соқтыруы мүмкін жазбалар мен пікірлер жарияламауды сұраймын", – делінген Балаеваның жазбасында

Министрдің айтуынша, бұл мәселені шешуде ведомство белсенді жұмыс жүргізіп жатқанымен, әрбір қолданушы жалған ақпараттың таралуына жеке жауапты.

"Біздің министрлік шектеу шараларын өте сирек қолданады, өйткені миллиондаған азамат жаңалықтарды интернет платформалардан алады. Дегенмен, онлайн ресурстардың әкімшілері ақпарат таратудың, ең алдымен, оқырмандар мен қоғам алдындағы жауапкершілік екенін түсінуі керек", – деп атап өтті Балаева.

Министр келтірген статистикаға сәйкес, 2023-2024 жылдары Қазақстан интернет кеңістігінде заңсыз контенттің көлемі екі есеге артып, 116 354 материалды құраған. Негізгі заңбұзушылықтар терроризм мен діни экстремизмді насихаттау, есірткіге қатысты материалдар, онлайн-казино жарнамасы және қаржы пирамидалары секілді мәселелерге байланысты. Министрдің айтуынша, өткен жылы осындай материалдардың 24,3%-ы жойылған.

"Достар, кез келген мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты факторлар – татулық пен бірлік. Сондықтан барлығымыз Мемлекет басшысының идеяларын қолдап, заң мен тәртіп қағидасын ұстануымыз қажет. Бұл – нағыз құқықтық мемлекет қалыптастырудың негізгі кепілі", – деп қорытындылады министр өз жазбасын.