Munarmedia.kz 18.03.2026 /Astana/ – Сарысу аудандық соты Жаңатас қаласының тұрғынын денсаулыққа ауыр зиян келтірді деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда әйелдің кәмелетке толмаған төрт баласы бар екенін ескеріп, жаза өтеу 5 жылға кейінге қалдырылды.
Оқиға 2025 жылдың қазан айының соңында болған. Әйел құрбысымен және балаларымен бірге моншаға барған. Онда сыра ішкеннен кейін, ол мекеме иесімен төлем мәселесіне байланысты жанжалдасып қалған. Келушіні үш жастағы бала үшін 1000 теңге алынғаны ашуландырған.
Айтыс тез арада қақтығысқа ұласқан. Әйел болған жағдайды ұялы телефонға түсіріп, оны әлеуметтік желіге жариялайтынын айтқан.
Әңгімеге монша иесінің күйеуі араласқаннан кейін жанжал одан әрі шиеленісе түскен. Бір сәтте ол әйелдің қолындағы телефонды қағып түсірген.
Телефонды жерден көтерген кезде, мекеме иесі оны итеріп жіберген. Жауап ретінде әйел қолындағы телефонымен қарсыласын құлақ тұсынан ұрып жіберген.
Оқиғадан кейін оқиға орнына полиция келіп, тараптар тарасқан. Алайда түнде монша иесінің жағдайы нашарлап, ол ауруханаға жеткізілген.
Сот-медициналық сараптама нәтижесінде жәбірленушіде жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы және бас сүйегінің жарылуы анықталған. Бұл денсаулыққа келтірілген ауыр зиян ретінде бағаланған.
Сот барысында жәбірленуші өзінің жағдайы жақсарғанын айтып, айыпталушыны кешірген. Ал айыпталушы кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін білдірген.
Сот әйелдің бұрын сотталмағанын, бала тәрбиелеп отырғанын және шынайы өкінгенін ескерді. Ал қылмыстың мас күйінде жасалуы ауырлататын мән-жай ретінде танылды.
Нәтижесінде сот 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, оның орындалуын 5 жылға кейінге қалдырды.
Мың теңгеден басталған жанжал ауыр салдарға әкеліп, қылмыстық жауапкершілікпен аяқталды.