Munarmedia.kz 21.09.2025 /Астана/ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласында өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясына қатысу үшін сапарға аттанды. Бұл — жаһандық саяси ахуал бұрын-соңды болмаған дағдарыс кезеңінен өтіп жатқан сәт. Әлем қарама-қарсы блоктарға бөлініп, ядролық қақтығыс қаупі күшейіп, ал дәстүрлі халықаралық институттар жаңа қауіптерге төтеп бере алмай отыр.
Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында Біріккен Ұлттар Ұйымын түбегейлі реформалау қажеттігін ашық мәлімдеген болатын. Бұл кездейсоқ пікір емес — Тоқаев БҰҰ жүйесінде Бас хатшының орынбасары қызметін атқарған тәжірибелі дипломат.
Тоқаев қандай бастамалар ұсынады?
Мәжіліс депутаты, саясаттанушы Ерлан Саировтың пікірінше, Қазақстан Президенті БҰҰ мінберінен әлемдік тәртіпті жаңғырту жөнінде түбегейлі ұсыныстар жасайды.
«Бүгінгі халықаралық қатынастар түбегейлі трансформация кезеңін бастан өткеруде. Әлем турбуленттік дәуірге аяқ басты. Ірі державалар өз елдеріне экономикалық және саяси артықшылықтар жасау үшін өзара күрес жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, ғаламдық Шығыс пен Батыстың ара-қатынасы да қайта қалыптасу үстінде», — дейді саясаткер.
БҰҰ реформасы — уақыт талабы
Саировтың айтуынша, қазіргі халықаралық архитектура жаңа экономикалық орталықтардың пайда болуына сай қайта қаралуы тиіс.
«Бүгінде БҰҰ-ны реформалау — күн тәртібіндегі басты мәселе. Себебі әлемде Еуропа мен Солтүстік Америкамен, "Үлкен жетілікпен" (G7) бәсекелесе алатын жаңа экономикалар қалыптасты. Ал G7 өзіне тән ерекше рөлін жоғалта бастады», — деп атап өтті депутат.
Қазақстан — шағын мемлекеттер мүддесінің қорғаушысы
Мәжілісмен Қазақстанның орта және шағын мемлекеттердің құқықтарын қорғауға бағытталған ұстанымына назар аударды. Бұл — Тоқаевтың ядролық қауіпсіздік пен бейбітшілікке қатысты принципті позициясымен тығыз байланысты.
«Ірі державалар арасындағы қарулану жарысы мен геосаяси бәсекелестік ядролық соғыс қаупін арттырып отыр. Ал Тоқаев: "Біз — аралық мемлекеттер бұл үшін неге зардап шегуіміз керек? Неліктен біздің даусымыз естілмейді? Неліктен біз ірі державалардың **жауапсыз саясатының құрбанына айналуымыз тиіс?" — деп әділетті сұрақ қояды», — деді Саиров.
Тоқаевтың ұсыныстары қандай болмақ?
Саировтың болжамынша, Қазақстан Президентінің сөйлейтін сөзі тек саяси емес, адамзаттық сипаттағы үндеуге айналмақ. Ол үш негізгі бағытты қамтиды:
-
Соғыссыз әлемге ұмтылу — соғысты саясат жалғасы ретінде қолданудан түбегейлі бас тарту;
-
Барлық елдердің — үлкен-кішісіне қарамастан — пікірін ескеру;
-
Жаһандық экологиялық дағдарысқа ортақ адамзаттық жауап беру.
«Бүгінгі жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұру үшін әлем жаңа көзқарасқа мұқтаж. Бұл — Тоқаев ұсынатын жаңа парадигма», — деп қорытындылады депутат.
Иранға қарсы санкциялар қайта күшіне енді
Осы арада БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Иранға қарсы санкцияларды қайта жандандырғанын хабарлады. Ұлыбритания, Франция және Германия бұл елді 2015 жылғы ядролық келісім шарттарын бұзды деп айыптауда.
📷 Фото: Ақорда