Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Жаңаарқа аудандық ауруханасында не болып жатыр? Төрт баланың анасы аппендициттен қайтыс болды

64



Munarmedia.kz, Астана 2025 жыл -27 сәуір күні 42 жастағы әділет капитаны, төрт баланың анасы Гүлнұр Жуанышбаева қайтыс болды. Оның кенже баласы небәрі үш жаста. Ол қарапайым аппендицит диагнозымен Жаңаарқа аудандық орталық ауруханасына бір апта бұрын түскен.

Ота жалпы наркозбен жасалған. Алайда ота кезінде науқаста анафилактикалық шок басталып, жүрек тоқтап, клиникалық өлім тіркелген. Дәрігерлер жүрек қызметін 23 минуттан кейін ғана қалпына келтірген. Алайда миына оттегі бармағандықтан ісік пайда болып, жеті күннен кейін Гүлнұр көз жұмды.

Марқұмның туыстарының айтуынша, бұл – Жаңаарқадағы алғашқы жағдай емес. Ауруханада көрсетілетін медициналық көмектің сапасы туралы көптеген шағымдар бар.

Бір жыл бұрын дәл осы ауруханада 17 жастағы жасөспірім де аппендицитке жасалған операциядан кейін қайтыс болған. Фармацевтикалық бақылау органдары тексеріс жүргізіп, заң бұзушылықтар таппаған. Сот-медициналық сараптама нәтижесінде қылмыстық іс «қылмыс құрамы жоқ» деп жабылған. Алайда марқұмның анасы жараның іріңдеуі медицина қызметкерлерінің кінәсінен болғанына сенімді.

Тағы бір қайғылы оқиға биыл наурыз айында орын алған. Александр Гончар есімді азаматтың әйелі, жақында босанған жас ана, инсульттан көз жұмған. Ол сол аурухананың бірнеше бөлімшесінде ем қабылдаған болатын.

«Бұл — үмітіміздің үзілуі. Біздің мақсатымыз — кек алу емес, Жаңаарқа ауданындағы денсаулық сақтау жүйесінде не болып жатқанын түсіну. Мұнда операциядан кейін, ем-дом курсынан соң қайтыс болған адамдар саны көбейіп барады. Бұл — алаңдатарлық жағдай. Жұмыс істеп жатқан мамандардың біліктілігі төмен, олар қарапайым қателіктер жібереді. Ал ол қателіктер адамның өмірін жалмайды. Халық дәрігерлерге сенуден қалды», — дейді жергілікті тұрғын Мақсаз Абдығазымов.

Даулы жағдай туралы ақпарат Денсаулық сақтау министрлігіне де жетті. Ауруханаға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Бейсембаев келді.