Munarmedia.kz 04.12.2025 /Астана/- Маңғыстау облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті Жаңаөзендегі «Өзен машина жасау зауыты» ЖШС басшылығына қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Олар азаматтардың қаражатын үлестік қатысуға қатысқандай етіп заңсыз тартқан деген күдікке ілінген, деп хабарлайды АФМ-ге сілтеме жасай отырып RedMedia.kz.
Тергеу мәліметіне қарағанда, компания басшылығы екі жыл бойы Жаңаөзен қаласында «Astana Rich Village» тұрғын үй кешенін ешқандай рұқсат құжаттарынсыз, жобалық-сметалық материалдарсыз, мемлекеттік сараптама мен авторлық қадағалаусыз салған.
Тұрғындарды арзан баспана уәдесімен тарту үшін түрлі интернет-ресурстарда нарықтық бағадан едәуір төмен көрсетілген пәтерлер туралы жарнамалар жарияланып отырған.
Тергеу барысында 23 азаматпен жалған алдын ала сатып алу-сату келісімшарттары жасалғаны анықталды. Заңсыз тартылған қаражаттың жалпы сомасы 303 млн теңгеден асып кеткен.
Күдіктілер бұл ақшаны құрылыс материалдарын сатып алғандай етіп қолма-қолға айналдырған. Алайда қаржының басым бөлігі жеке мақсаттарға жұмсалғаны белгілі болды. Нәтижесінде тұрғын үй құрылысы мүлде аяқталмаған.
Сот шешімімен күдіктілердің мүлкіне — тұрғын үй, пәтер, екі автокөлік және үш жер учаскесіне — тыйым салынды. Бұл шаралар келтірілген шығынды өтеуге және алданған азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған.
Күдіктілердің бірі қамауға алынған, екіншісі кепілмен босатылған. Тергеудің мүддесі үшін өзге мәліметтер жария етілмейді.