Munarmedia.kz.08.09.2026.ASTANA Алматыда заңсыз интернет-казинолардың жұмысына жағдай жасаған адамдар тобының қызметі тоқтатылды. Бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер «Olymp Casino», «Rukh Poker» және «7Kcasino» интернет-казиноларының төлем инфрақұрылымын ұйымдастырып, ойыншылардың ақшасын «Rocket.do» онлайн-платформасы арқылы қабылдау және өңдеуді қамтамасыз еткен.
Схемаға қатысушылардың бірі шетел азаматтары арасынан банк шоттарына ақшалай сыйақы үшін қолжетімділік беруге дайын адамдарды іздеген. Ол әр адамға 200 АҚШ долларына дейін сыйақы ұсынған.
Табылған дропперлер Қазақстанға жеткізіліп, алдымен Халыққа қызмет көрсету орталығына апарылып, жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) рәсімдеуге, кейін банк бөлімшелерінде есепшот ашуға сүйемелденген.
Тергеу барысында күдіктінің 15 шетел азаматының банк шоттарына қол жеткізгені, сондай-ақ өз шотын да пайдаланғаны анықталған.
Нәтижесінде 16 дроппердің шотына интернет-казино ойыншыларынан 110 млн теңгеден астам қаражат түскен.
Қылмыстық іс бойынша күдіктілердің бірі қамауға алынған. Тағы үш адамға елден кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеуге қатысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
#Munarmedia #Қазақстан #Алматы #ҚМА #ҚаржылықМониторингАгенттігі #ИнтернетКазино #ЗаңсызКазино #Дроппер #Алаяқтық #Қылмыс #Қаржы #110МлнТеңге #Сот #Тергеу