Жапон компаниялары Қытаймен бірлесіп гуманоид роботтар жасауда

61

Munarmedia.kz.29.09.2026.ASTANA. Жапония компаниялары Қытай кәсіпорындарымен бірлесіп, адамға ұқсас роботтар өндіру және осы технологияның коммерциялық мүмкіндігін кеңейту бағытында жұмыс істеп жатыр. Қытайда гуманоид роботтар технологиясы соңғы жылдары қарқынды дамып келеді.

Тамыз айында жапондық микрочип өндіруші Renesas Electronics Бейжіңде ғылыми-зерттеу орталығын ашты. Компания жергілікті кәсіпорындармен бірге гуманоид роботтарды басқару технологияларын әзірлеп, сынақтан өткізуді жоспарлап отыр.

Renesas Electronics вице-президенті Иво Марокконың айтуынша, Қытайдың таңдалуына бұл елде гуманоид роботтар саласында қарқынды дамып келе жатқан көптеген компанияның болуы себеп болған.

Оның сөзінше, компания Қытай нарығындағы осы тәжірибе мен технологиялық мүмкіндіктерді пайдаланып, жаңа шешімдерді жылдам дамытуға ниетті.

Mitsubishi Electric те робот өндірісіне инвестиция салды

Жапонияның Mitsubishi Electric компаниясы наурыз айында өндірістік кәсіпорындарға арналған гуманоид роботтар жасайтын стартапқа инвестиция құйды.

Бұл жобаның негізінде Mitsubishi-нің өнеркәсіптік роботтар жасау саласындағы көп жылғы тәжірибесі жатыр.

Компанияның мәліметінше, болашақта мұндай роботтар Қытайдағы зауыттарда қызметкерлердің тікелей қатысуынсыз түрлі материалдарды тасымалдап, дайын өнімді тексере алады.

Ал GMO Internet Group гуманоид робот өндірушісімен серіктестік туралы келісімге келіп, осындай роботтарды Жапония нарығында сатуды жоспарлап отыр.

Қытай нарығы роботтарды дамытуға мүмкіндік бере ме?

Гуманоид роботтардың қозғалысын адамдікіндей табиғи әрі бірқалыпты ету үшін өте үлкен көлемдегі деректер қажет. Мұндай технологияны жетілдіру белгілі бір уақытты талап етеді.

Жапон компаниялары Қытайдың ауқымды нарығында роботтарды сынау және пайдалану барысында жиналатын деректер технологияның дамуын жеделдетеді деп есептейді.

Осылайша, Жапонияның технологиялық тәжірибесі мен Қытайдың өндірістік және нарықтық мүмкіндіктерін біріктіру гуманоид роботтарды жаппай қолдануға дайындау бағытындағы жаңа кезеңге айналуы мүмкін.

Дереккөз: NHK

#Munarmedia #Жапония #Қытай #Робот #ГуманоидРобот #ЖасандыИнтеллект #Технология #Инновация #Өнеркәсіп