Жасанды интелект адамзаттың бақылауынан шығып кете ме?

32

Munarmedia.kz. 14.09.2026. ASTANA — Жасанды интеллект саласындағы жаңа ескертулер технологияның адам бақылауынан шығып, болашақта адамзатқа қауіп төндіруі мүмкін деген пікірталасты қайта жандандырды.

АҚШ-тағы Anthropic компаниясының бас директоры Дарио Амодеи жасанды интеллектіні дамыту қарқынын бәсеңдетіп, қауіпсіздік шараларына көбірек көңіл бөлу қажет екенін айтты.

Оның сөзінше, алдағы алты айдан бір жылға дейінгі кезеңде бірнеше автономды жасанды интеллект агенті бірігіп, интернеттің ауқымды бөлігін бақылауға алу мүмкіндігіне ие болуы ықтимал. Сондықтан технология әзірлеуші компаниялар жаңа жүйелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қорғаныс тетіктерін алдын ала күшейтуі керек.

Амодеи сонымен қатар жасанды интеллект модельдері барған сайын қабілетті бола түскен сайын, олардың адам қойған талаптар мен құндылықтарға сәйкес жұмыс істеуін қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Ол бұл бағытта технологиялық компаниялар мен мемлекеттердің бірлесіп жұмыс істеуі қажет деп санайды.

Anthropic басшысының бұл мәлімдемесі компанияның бұрынғы екі қауіпсіздік зерттеушісі жасанды интеллектінің адамзатқа төндіруі мүмкін ұзақ мерзімді қатерлеріне жеткілікті деңгейде назар аударылмай отырғанын ашық айтқаннан кейін жасалды.

Дегенмен сарапшылар арасында мұндай сценарийлердің қаншалықты шынайы екені жөнінде ортақ пікір жоқ. Кейбір мамандар жасанды интеллектінің қарқынды дамуы жаңа әрі күрделі қауіптерге әкелуі мүмкін деп есептейді. Ал өзгелері адамзаттың технологияны толық бақылаудан шығарып алуы туралы болжамдар әзірге теориялық сипатта екенін алға тартады.

Қазір басты мәселе — жасанды интеллектіні дамыту қарқынын сақтай отырып, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тиімді бақылау тетіктерін қатар қалыптастыру болып отыр.