Munarmedia.kz.07.10.2026.ASTANA-Жасанды интеллект тарихта 217 жыл бойы шешілмей келген Наполеон Бонапарттың құпия хатын ашуға көмектесті. Инженер Картер Чёрч GPT-6 Astra моделін пайдаланып, күрделі шифрланған мәтінді шамамен алты сағат ішінде қалпына келтірген.
Құпия хат 1809 жылы француз генералы Огюст де Мармонға жіберілген. Наполеон онда француз және одақтас әскерлердің саны мен орналасуы туралы мәліметтерді жеткізуді, сондай-ақ алдағы әскери жорыққа дайындалуды тапсырған.
Бұл кезде Австрия армиясы Францияға қарсы жаңа шабуылға әзірленіп жатқан. Ал Мармон өз әскерімен қазіргі Хорватия аумағындағы Далмацияда орналасқан еді.
Хаттың құпиясын шешуді қиындатқан негізгі себептердің бірі — шифр кілтінің жоғалып кетуі. Мәтінде шамамен 1300 таңба болған. Кейбір белгілер жеке әріптерді білдірсе, енді бір таңбалар тұтас сөздердің орнына қолданылған.
Картер Чёрч алдымен тарихи құжаттың сканерленген нұсқасындағы таңбаларды жасанды интеллект көмегімен таныған. Кейін оларды шифр кестесінің бұрыннан белгілі бөліктерімен салыстырған. Жүйе миллиондаған ықтимал комбинацияны тексеріп, ақырында мағынасы бар француз тіліндегі мәтінді қалпына келтірген.
Шифрдан шығарылған хатта француз және одақтас әскерлердің орналасуы мен саны туралы әскери мәліметтер бар. Наполеон Мармонды қарсыластың күшіне сескенбеуге шақырып, бірнеше әскери бөлімнің немесе «бір топ тобырдың» оны қорқытуына жол бермеуді тапсырған.
Тарихи деректер бұл бұйрықтың кейін орындалғанын көрсетеді. Мармон Далмациядан әскерін алып шығып, Наполеонның Австрияға қарсы әскери науқанына қосылған.
Кейін француз әскері Ваграм шайқасында жеңіске жетіп, Мармон Наполеон тарапынан маршал атағына ие болған.
Зерттеушінің айтуынша, мұндай шифрды жасанды интеллектсіз де шешуге болатын еді. Алайда ол үшін криптографтарға орасан көп уақыт пен есептеу ресурсы қажет болар еді.
Ең қызығы — адамзатқа екі ғасырдан астам уақыт бойы жабық тұрған тарихи құжаттың мазмұнын ашуға қазіргі заманғы технология небәрі бірнеше сағат жұмсаған.
Бұл жағдай жасанды интеллекттің тек қазіргі ақпаратты өңдеу құралы емес, өткеннің жоғалған деректерін қалпына келтіретін жаңа ғылыми құралға айналып келе жатқанын көрсетеді.
#Munarmedia #ЖасандыИнтеллект #ИИ #Наполеон #Тарих #ҚұпияХат #Шифр #Криптография #GPT6 #Ғылым #Технология #Франция