Елімізде цифрландыру жұмысы жүргізіліп, көптеген әлеуметтік және техникалық салада ақпараттар алу қолжетімді бола бастағаны қуантады. Қазіргі таңда тұрғындардың халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, кезек күтіп, табан тоздырмай-ақ кез-келген құжаттарын қолындағы ұялы телефонмен немесе компьютер арқылы ала салуы ыңғайлы.
Алайда елге маңызды ақпараттар тарататын журналистика саласын жасанды интелектіге көшіру қаншалықты тиімді.
Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты "Казконтент" акционерлік қоғамының өткен жылы ғана келген басшысы Задабек Айна Задабекқызы айды аспаннан шығарып жатыр.
Штаттағы еңбек өтілі бар журналистерді жұмыстан шығарып, оның орнынан жасанды интелект жүйесін пайдаланбақшы. Асығыстық емес пе? Алдымен зерттеп, зерделеп, пайдалы зиянды жақтарын өлшеп, кесіп, тәжірбие жасап, сынақтан өткізген соң ғана іске асыруға болмас па екен? Әйтеуір басшылардың көзіне реформаторлығымен көірңгісі келетін шала сауатты басшылардың реформаларының нәтижесін біздің білім саласы зардабын тартып келе жатқан жоқ па? Президентіміз жұмыссыздықпен күресті басты мәселе ғып қойып отыр. Барлық саланы жасанды интеллектімен қамти берсек, бос қалған журналистер жұмыссыздар санын көбейтпей ме?
Бұл Президент тапсырмасына қайшы емес пе? Одан да директорлар кеңесі, басқарушы құрамды қысқартып, жалақыларын азайтса құба-құп болар еді. Онысызда 200-300 мың тенге арасында мардымсыз жалақы алатын журналистерді жұмыстан қысқартып тастағанда, ертең мемлекеттік саясатқа қарсы шабуыл жасайтын, ашулы топтың санын көбейтпей ме? Мұның нәтижесінде елдегі журналистика мамандығына оқуға түсушілер саны күрт төмендеп кетпей ме? Жасанды интелектімен басқарылатын журналистиканы оқудың қажеті қанша? Түсінікті.
Техникалық жағынан адам жасап келе жатқан жұмысты жасанды интелектіні қолдану арқылы жүзеге асыру деген сылтау бар. Алайда билікке жағымды тақырыптар қойып, көңілден шығатындай етіп, журналистің өз қолымен жазбаған дүние журналистика саласының беделін одан әрі түсіретіні және ақпарат саласына ауыр соққы боларына кәміл сенімдіміз.
Цифрлық технологиялардың, әсіресе жасанды интеллектінің (ЖИ) дамуы әлемдік ақпараттық кеңістікте түбегейлі өзгерістер тудырып отыр. Журналистика саласы да бұл үрдістен тыс қалған жоқ. Жаңалықтарды генерациялау, мәтінді редакциялау, визуалды материалдарды автоматты түрде жасау сияқты мүмкіндіктер ЖИ негізінде жүзеге асырылуда. Алайда бұл технологияны пайдалану тек оң нәтижелермен ғана шектелмейді, сонымен қатар бірқатар қауіптер мен сын-қатерлерді де тудырады.
Журналистика – шынайылыққа, сенімділікке және этикалық нормаларға негізделген сала. Алайда ЖИ жазған мәтіндер жиі логикалық және фактологиялық қателіктерге ұрынады. 2023 жылы CNET басылымында жасанды интеллект генерациялаған мақалаларда көптеген дәлсіздік анықталып, редакциялық қайта қарау жүргізілді
Журналистік мәтін тек мәліметтер жиынтығы емес, ол – әлеуметтік пікір қалыптастыру құралы. Бұл тұрғыдан алғанда ЖИ адамның интуициясы мен құндылық жүйесін алмастыра алмайды.
ЖИ негізінде жасалатын жалған жаңалықтар мен deepfake технологиясы қоғам үшін үлкен қауіп төндіреді. MIT Media Lab зерттеулеріне сүйенсек, жалған ақпарат шынайы мәліметке қарағанда 70% жылдам тарайды . Осыған байланысты Еуропа Одағы мен АҚШ-та ЖИ арқылы жасалатын медиаматериалдарды бақылауға арналған құқықтық нормалар әзірленіп жатыр.
Бүгінгі таңда көптеген мемлекеттерде ЖИ туындыларына авторлық құқық беру мәселесі нақты шешімін тапқан жоқ. Мәселен, АҚШ-тың Copyright Office ұйымы 2023 жылы ЖИ жасаған суретті авторлық қорғауға жатпайтын дүние ретінде таныды . Қазақстанда да бұл бағытта заңдық база жетілмеген, тек классикалық авторлық құқық нормалары қолданылады.
ЖИ дамыған сайын «журналист мамандығы қажет болмай қала ма?» деген сұрақ туындайды. Дегенмен, зерттеушілер бұл технологияны көмекші құрал ретінде қарастыру қажеттігін алға тартады. Журналистің негізгі миссиясы – ақпаратты түсіндіру, әлеуметтік жауапкершілік жүктеу және қоғаммен кері байланыс орнату. Бұл қызметті толықтай ЖИ-ге жүктеу мүмкін емес.
Жасанды интеллект журналистиканың дамуына елеулі үлес қосуда. Алайда оның кең көлемде қолданылуы этикалық нормалардың бұзылуына, сенімділіктің төмендеуіне және кәсіби стандарттардың әлсіреуіне себеп болуы мүмкін. Сондықтан журналистиканың болашағы үшін ЖИ-ді тек көмекші құрал ретінде пайдаланып, адам журналистің рөлін сақтап қалу – стратегиялық маңызы бар міндет.
Жасанды журналистика, жасанды ақын, композитор т.б қазақи болмыстан айырып, ұлттық құндылықтарды жұрдай етіп, қоғамды топас қылып тастайтын, басқаруға ыңғайлы құрал жүейсі екенін түсінетін кез келген сияқты. Әр нәрсені Еуропа жасап жатыр деп атойлаймай, науқаншылдыққа ұрындырмай, сапалы контентпен, қоғамды тәрбиелеудің, оқырман санын көбейту, табыс көзін арттыру, журналистиканың беделін көтеру мәселесімен айналысқандары жөн сияқты.
Munarmedia.kz