Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путиннің соңғы мәлімдемесіне жауап бере отырып:
"Біз жаңа ғана Путиннің майдандағы атысты тоқтату бастамасына берген жауабын естідік. Ол өте екіұшты, айлакер сөздер айтты. Ол бұл соғысты жалғастырып, украиндарды өлтіргісі келетінін Трампқа ашық айтуға қорқады", – деп мәлімдеді.
Зеленскийдің айтуынша, Мәскеу атысты тоқтату туралы ұсынысты әдейі кейінге шегеріп, нақты шешім қабылдауды қиындатуға тырысуда.
"Сондықтан олар бұл бастаманы созып, қалыпты шешім қабылдауға мүмкіндік бермеуге күш салуда. Біз мұны Ресейдің кезекті айла-тәсілі деп есептейміз", – деді Украина басшысы.
Өз кезегінде Ресей президенті Владимир Путин атысты тоқтату бастамасын қолдайтынын, бірақ кейбір мәселелерді нақтылау қажеттігін айтты. Оның ішінде ол атысты тоқтату кезеңінде Украина мобилизация жүргізіп, батыстан қару алуды жалғастыруы мүмкін деген алаңдаушылығын білдірді.
Сондай-ақ, Путин Ресей әскерінің Курск облысы мен майданның басқа да бөліктерінде сәтті шабуыл жасап жатқанын ерекше атап өтті.