Munarmedia.kz 02.07.2025 жыл / АСТАНА/-Қазақстанда соңғы жеті жыл ішінде алаяқтық қылмыстары 45 есеге көбейген. 2016 жылы 1 мың іс тіркелсе, 2023 жылы олардың саны 45 мыңнан асып кеткен. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза Бас прокуратураға жолдаған ресми сауалында мәлімдеді, деп хабарлайды Exclusive.kz.
Халық қалаулысының айтуынша, бүгінгі күні қоғам үшін ең үлкен қауіптердің бірі – әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы әрекет ететін «псевдотренерлер», яғни онлайн курс сылтауымен қазақстандықтарды алдайтын инфоалаяқтар.
Депутаттың сұрауына түрткі болған жағдай – оған 18 азаматтан түскен ұжымдық арыз. Олар өздерін Алина Давлетова есімді азаматша Instagram мен WhatsApp арқылы жарнамаланған «Нөлден бастап трейдинг» атты офлайн курсқа қатысу үшін 300 мыңнан 550 мың теңгеге дейін ақша төлетіп, ақырында оқытусыз қалғандарын мәлімдеген. Жалпы келтірілген шығын көлемі шамамен 8 миллион теңгені құрайды. Арызданушылардың сөзінше, ешқандай келісімшарт болмаған, оқу бағдарламасы ұсынылмаған, курс соңында сертификат берілмеген.
Бұған қарамастан, Қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша қылмыс құрамының белгілері бола тұра, құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан.
«Бұл — классикалық алаяқтық. Егер осындай айқын жағдайдың өзінде іс қозғалмаса, онда азаматтар өз құқықтарын қалай қорғамақ?» — деп сұрақ тастайды депутат Нұртаза.
Ол мұндай схемалар ел ішінде кең таралып кеткенін атап өтті:
«Инфоцығандар» ешқандай тіркеусіз, салықсыз, бақылаусыз әрекет етуде. Бұл – тек көлеңкелі экономика емес, бұл – азаматтардың сенімі мен ақшасы жоғалып кететін қара құрдым.
Халық қалаулысы Бас прокуратураны келесі шараларды қолға алуға шақырды:
-
Алина Давлетоваға қатысты істі қайта қарап, кінәлілерді заң алдында жауапқа тарту;
-
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы сатылатын онлайн курстар мен тренингтерге кешенді тексеру жүргізу.
«Алаяқтықтың анық фактісі бойынша іс қозғалмауы – адамдардың заңға деген сеніміне соққы. Құқық қорғау жүйесі мұндай жағдайда шешуші әрекетке көшуі тиіс», — деді депутат Самат Нұртаза.
Агзам Абдрахманов, 1 шілде 2025 жыл, 10:50