Жылыту маусымына санаулы күн қалды: Бектенов әкімдерге дайындықты жеделдетуді тапсырды

57

Munarmedia.kz.29.09.2026.ASTANA. Қазақстанда алдағы жылыту маусымының басталуына санаулы күн қалды. Осыған байланысты Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімдеріне дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралды.

Премьер-министр жылуды алдымен әлеуметтік нысандарға – балабақшаларға, мектептерге, ауруханалар мен емханаларға беру қажеттігін атап өтті.

«Жекелеген облыстарда жылыту маусымының басталуына санаулы күн қалды. Әкімдерге дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырамын. Бірінші кезекте әлеуметтік нысандарға – балабақшаларға, мектептерге, ауруханалар мен емханаларға жылу беруді бастау қажет. Жылыту маусымы белгіленген мерзімде басталуы тиіс», – деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы энергетикалық кәсіпорындардың дайындық паспорттарын алу мәселесіне де ерекше назар аударды. Оның айтуынша, тиісті құжаттарды тапсырудың соңғы мерзімі – ертең.

«Бұл мәселені әкімдер жеке бақылауына алуы қажет», – деп тапсырды Премьер-министр.

Бес облыста жылу беріле бастады

Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың айтуынша, қазіргі таңда Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында жылыту маусымы басталып, жылу беру жүргізілуде.

Оның мәліметінше, осы аптаның соңына дейін еліміздің орталық, батыс және шығыс өңірлерінде де жылу беру жүйесін іске қосу жоспарланып отыр.

Әкімдіктерге жылыту маусымын белгіленген мерзімде бастап, әлеуметтік нысандардың жылумен үздіксіз қамтамасыз етілуін бақылау тапсырылды.

Дереккөз: YK-news.kz

#Munarmedia #Қазақстан #ЖылытуМаусымы #ОлжасБектенов #Жылу #Әкімдік #Мектеп #Балабақша #Аурухана #Қазахстан