Munarmedia.kz | 22.08.2026 | ASTANA — Солтүстік Қазақстан облысы бокс федерациясының бұрынғы вице-президенті, кәсіпкер Марат Абулгазиев заңсыз микрокредиттік қызметпен айналысу, өз бетінше әрекет ету және алаяқтыққа оқталу бойынша кінәлі деп танылды. Петропавл қаласының соты оған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, жалпы құны шамамен 1,9 млрд теңгені құрайтын мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарды.
Қылмыстық іс бойынша 43 жәбірленуші бар. Іс материалдарында миллиондаған теңге көлеміндегі қарыздар, пәтерлер, жеке үйлер, автокөліктер және коммерциялық нысандар туралы деректер келтірілген.
Сот анықтағандай, Абулгазиев бірнеше жыл бойы азаматтар мен кәсіпкерлерге жоғары пайызбен ақша берген. Кейбір жағдайларда қарыз бойынша жылдық сыйақы мөлшері 120 пайызға дейін жеткен. Қаражатқа шұғыл мұқтаж болған, оның ішінде қаржылық қиындыққа тап болған кәсіпкерлер де оның клиенттері болған.
Мүлікті кепілге қойып, сатып алу-сату шартын рәсімдеген
Қарыз беру кезінде кепіл ретінде пәтерлер, үйлер, автокөліктер, өндірістік базалар мен коммерциялық нысандар пайдаланылған.
Алайда бірқатар эпизодта тараптар кәдімгі кепіл шартының орнына сатып алу-сату шартын рәсімдеген. Яғни құжат жүзінде азамат өзінің жылжымайтын мүлкін Абулгазиевке сатқан болып көрінгенімен, соттың жекелеген эпизодтар бойынша анықтауынша, нысан іс жүзінде қарыздың кепілі ретінде пайдаланылған.
Мәселен, елордалық кәсіпкерлердің біріне 70 млн теңге қарыз берілген. Қаражатты пайдаланғаны үшін ай сайын 7 млн теңге төлеу талап етілген. Қамтамасыз ету ретінде жер телімі бар бар нысаны көрсетілген.
Бұл ретте 100 млн теңгеге сатып алу-сату шарты жасалғанымен, іс материалдарына сәйкес, нысан иесіне аталған ақша іс жүзінде берілмеген.
Кәсіпкер төрт ай ішінде тек пайыз ретінде 28 млн теңге төлеген. Кейін кезекті төлемдерді өтеуге қаражаты болмағандықтан, есеп айырысуға автокөлігін берген. Алайда бұл да жағдайды өзгерте алмаған. Коммерциялық нысан кредитордың иелігінде қалып, кейін 87 млн теңгеге сатылған.
Қайтыс болған кәсіпкердің туыстарынан да қарыз талап етілген
Абулгазиевтің қарыз алушыларының бірі Петропавлдағы белгілі «Блюз» мейрамханасының иесі О. Попов болған.
Бірнеше рет қарыз алған кәсіпкер пайыздарын төлеп отырғанымен, қарызы толық өтелмеген. 2017 жылғы мамырда Попов өзіне қол жұмсаған.
Осыдан кейін Абулгазиев қаржылық талаптарын оның ұлдарына қойып, сот арқылы олардан 17 млн теңгеден астам қаражат өндіріп алған.
11 млн теңге қарыз дауға ұласқан
Қылмыстық іс бойынша кәсіпкер А. Ушаковқа қатысты эпизод та бар. Ол өндірістік базасын кепілге қойып, 11 млн теңге алған.
2021 жылғы желтоқсаннан 2024 жылғы тамызға дейін Ушаков Абулгазиевке 24 млн теңге төлеп, қарызын толық өтедім деп есептеген. Алайда кейін тағы да 11,8 млн теңгеге қолхат ұсынылған.
Сот бұл соманың кәсіпкерге іс жүзінде берілмегенін анықтаған. Кейін тараптар арасында азаматтық сот процестері жүрген. Қылмыстық іс материалдарында 11,8 млн теңгенің бір сомасы кәсіпкерден екі рет өндірілгені көрсетілген.
2025 жылғы қаңтарда бұл қаржылық дау одан әрі ушыққан. Нарықтардың біріндегі кездесуде Ушаковтан қарызды өтеу немесе мүлкін беру талап етілген. Сот бұл эпизодты өз бетінше әрекет ету ретінде саралаған. Сонымен бірге күш қолдануға қатысты айыптың бір бөлігі дәлелденбеген деп танылды.
Үкім және 1,9 млрд теңгенің мүлкі
Бастапқыда қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша Абулгазиевке 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Алайда рақымшылық қолданылғаннан кейін оның түпкілікті жазасы 2 жыл 7 ай 15 күн болып белгіленді. Кәсіпкер сотқа дейінгі қамауда бір жылға жуық уақыт болғандықтан, оның қамауда өткізетін мерзімі көп қалмауы мүмкін.
Ал мүлікке қатысты сот тәркілеу туралы шешім қабылдады.
Тәркіленетін активтердің қатарында банктік шоттардағы қаражат, 126 млн теңгеден астам қолма-қол ақша, шамамен 400 мың АҚШ доллары, автокөліктер, жер телімдері, пәтерлер мен жеке тұрғын үйлер бар.
Тәркіленетін мүліктің жалпы құны шамамен 1,9 млрд теңгені құрайды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ және оған апелляциялық тәртіппен шағым берілуі мүмкін.
#Munarmediakz #Қазақстан #Астана #СолтүстікҚазақстан #Петропавл #Сот #ҚылмыстықІс #Бокс #МаратАбулгазиев #Мүлік #Тәркілеу #Микрокредит #Қаржы #Заң #Жаңалық