Алматы облысында көліктерді заңсыз тіркеу ісі бойынша 17 адам сотталды

13

Munarmedia.kz | 27.08.2026 | ASTANA— Алматы облысында автокөліктерді заң талаптарын айналып өтіп, заңсыз тіркеуге қойған ұйымдасқан қылмыстық топтың 17 мүшесіне сот үкімі шықты. Олар екі жыл ішінде 800-ден астам көлікті заңсыз тіркеуге қойған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, заңсыз схемаға полиция қызметкерлері, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының (Арнайы ХҚКО) мамандары және жеке нотариустар қатысқан.

Тергеу барысында қылмыстық топ мүшелері заңнама талаптарын айналып өтіп, 800-ден астам көлікті Қазақстанда тіркеуге қойғаны анықталған. Оның ішінде техникалық талаптарды бұза отырып елге әкелінген 642 жүк көлігі және «егіз көліктерді жандандыру» схемасы арқылы тіркелген 209 жеңіл автокөлік бар.

Қылмыстық схемада бұған дейін Қазақстанда тіркеліп, кейін есептен шығарылған көліктердің VIN-кодтары пайдаланылған. Осылайша, басқа көліктердің сәйкестендіру нөмірлері заңсыз тіркеу рәсімдеріне қолданылған.

Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 6,6 млрд теңгеден асты. Оның 1 млрд теңгеден астамы қазірдің өзінде өтелген. Сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған бес автокөлік тәркіленді.

Сот әр сотталушының қылмыстық іске қатысу деңгейі мен атқарған рөліне қарай 2 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Бұдан бөлек, бұрын полицияда қызмет атқарған төрт азамат арнайы атақтарынан айырылды. Қылмысқа қатысы бар нотариустарға нотариаттық қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

#Munarmedia #ASTANA #Қазақстан #АлматыОблысы #Құқық #Қылмыс #Сот #АФМ #Көлік #Автокөлік #АрнайыХҚКО #Нотариус #Полиция #ЗаңсызТіркеу