Munarmedia.kz.15.10.2025 ж. /Астана/-Ақмола өңірінен ежелгі дәуірдің ерекше ескерткіші — мамонттың сүйектері табылды. Ғалымдардың бағалауынша, бұл алып жануарлар қазіргі пілдердің арғы тегі саналады және олар осыдан ондаған мың жыл бұрын қазақ даласында мекендеген.
Тарихи олжаны Ұлттық музейдің ғылыми қызметкерлері растады. Айтуларынша, мамонттың сүйектері Новобратское ауылының маңынан табылған. Табиғи жәдігерді алғаш болып агрохолдинг қызметкерлері — Адилет Омаров пен Әлжан Рақышев кездестіріп, дереу ғалымдарға хабар берген.
Қазір табылған төменгі жақ сүйегі мен аяқ сүйегінің бір бөлігі музейдің ғылыми зертханасында арнайы температура мен ылғалдық режимінде сақталып жатыр.
«Алғашқы талдау нәтижесі сүйектердің шамамен 40–50 жастағы ересек мамонтқа тиесілі екенін көрсетті. Бұл жануар шамамен 40–15 мың жыл бұрын өмір сүрген. Ғалымдардың болжамынша, табылған орынның маңында толық қаңқа жатуы мүмкін. Келесі маусымда кең ауқымды археологиялық қазба жұмыстары басталады», — деп хабарлады Ұлттық музейдің баспасөз қызметі.
Егер мамонттың толық қаңқасы табылса, бұл мұз дәуіріндегі жануарлар әлемін зерттеудегі ең ірі жаңалықтардың бірі болмақ.
Мамонттар плейстоцен дәуірінде, яғни шамамен 700 мың жыл бұрын пайда болып, б.з.д. 10 мың жылдар шамасында жойылып кеткен. Салмағы бес пен сегіз тонна аралығында болған бұл алып жануарлар өмір бойы алты рет азу тістерін алмастырған.
Айта кетейік, бұған дейін мамонт сүйектері Қарағанды, Павлодар, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында да табылған.
Фото: ҚР Ұлттық музейінің Facebook парақшасынан.