Munarmedia.kz 08.08.2026. ASTANA Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты соңғы жылдардағы ірі несие алаяқтығы істерінің біріне қатысты үкім шығарды. Сот алдында Астана, Алматы, Көкшетау, Петропавл қалаларының, сондай-ақ Ақмола және Алматы облыстарының 21 тұрғыны жауапқа тартылды.
Сот оларды ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған қатысқаны және аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды.
Сот материалдарына сәйкес, қылмыстық топ мүшелері 2019-2024 жылдар аралығында банктер мен микроқаржы ұйымдарынан әлеуметтік осал азаматтардың атына алдын ала қайтарылмайтыны белгілі несиелерді рәсімдеп отырған.
Алаяқтардың құрбандары қатарында тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдар, сондай-ақ алкогольдік және есірткіге тәуелділігі бар немесе ауыр сырқаттан зардап шегетін азаматтар болған.
Қылмыстық топ ұйымдастырушылары қатысушылар арасында міндеттерді бөліп, қаржы ағындарын бақылаған, несие рәсімдеуге пайдаланылатын адамдарды іздестіріп, ақша қозғалысын үйлестіріп отырған.
Тергеу барысында банк саласының жекелеген қызметкерлері де қылмыстық схемаға қатысқаны анықталған. Олар несие бюросындағы ықтимал қарыз алушылардың дербес мәліметтерін беріп, несиелерді кедергісіз рәсімдеуге көмектескен.
Сот 176 алаяқтық эпизодын анықтады. Қылмыстық топтың әрекетінен 49 банк пен микроқаржы ұйымы зардап шеккен. Келтірілген жалпы залал көлемі 1,8 млрд теңгені құрады. Қазіргі уақытқа дейін бұл қаражат өтелмеген.
Сот отырысы барысында сотталушылардың кінәсі өздерінің берген жауаптарымен, куәгерлердің айғақтарымен, банк материалдарымен, ұялы телефондардағы деректермен, мамандардың қорытындыларымен және басқа да дәлелдермен расталды.
Сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленушілердің бір бөлігінде психикалық бұзылыстар мен ақыл-есінің кемістігі болған.
Сонымен қатар, сотталушылардың үшеуі психикалық және мінез-құлық бұзылыстарына байланысты мәжбүрлі емделуге мұқтаж деп танылды.
Жаза тағайындау кезінде сот жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескерді. Атап айтқанда, алты сотталушыға қатысты кәмелетке толмаған балаларының болуы, жасаған ісіне өкінуі және тергеуге көмектесуі жеңілдететін жағдай ретінде бағаланды.
Ал екі сотталушыға қатысты қылмыстардың қауіпті қайталануы ауырлататын мән-жай ретінде танылды.
Қылмыстық топты ұйымдастырушылардың әрқайсысы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұған дейін сотталған тағы бір қатысушы 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Қалған сотталушыларға 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар, төрт сотталған адам 8 жыл мерзімге несие беруге байланысты қызметтерде жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Сот шешімімен қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған деп танылған 11 автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді.
Іс бойынша тағы бір айыпталушы халықаралық іздеуде болғандықтан, оған қатысты қылмыстық іс жеке өндіріске бөлінді.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
#Munarmedia #ASTANA #АқмолаОблысы #Көкшетау #НесиеАлаяқтығы #Алаяқтық #Қылмыс #Сот #ҰйымдасқанҚылмыс #Банк #Микроқаржы #1_8МлрдТеңге #Қазақстан