Munarmedia.kz. 05.08.2026. ASTANA – Ақмола облысының Сандықтау ауданындағы Петровка ауылының тұрғыны, зейнеткер Татьяна Журавлева құжаттарды рәсімдеу барысында кеткен қателіктің салдарынан ресми түрде қайтыс болғандар қатарына енгізілген. Соның салдарынан әйел адам екі айға жуық уақыттан бері зейнетақысын ала алмай отыр.
Зейнеткердің туыстарының айтуынша, Астана қаласы әкімдігінің ШЖҚ «Көпбейінді медициналық орталығы» МКК-де басқа адамның қайтыс болуын тіркеу кезінде марқұмның деректерінің орнына қателесіп Татьяна Журавлеваның жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) енгізілген. Соның негізінде оның атына қайтыс болғаны туралы куәлік рәсімделген.
Отбасының мәліметінше, осы қателіктің салдарынан зейнеткер заң бойынша тиесілі зейнетақысын ала алмай, негізгі табыс көзінен айырылған. Туыстары оның азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алуда, күнделікті шығындарын өтеуде қиындық көріп отырғанын айтады.
Жақындарының сөзінше, жағдайды түзету үшін бірнеше рет құзырлы мекемелерге жүгінгенімен, мәселе әлі шешімін таппаған. Олар медициналық мекеме тарапынан нақты жауап берілмей, тек күту ұсынылғанын жеткізді.
Осыған байланысты отбасы қызметтік тексеру жүргізуді, деректердің қалайша шатастырылғанын анықтауды, кінәлі тұлғаларды заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартуды және зейнеткердің барлық бұзылған құқықтарын, соның ішінде төленбей қалған зейнетақысын толық қалпына келтіруді талап етеді.
Аталған жағдай мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректердің дұрыстығы мен азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесіне қоғам назарын тағы бір мәрте аударды. Қазіргі уақытта құзырлы органдардың ресми түсініктемесі жарияланған жоқ.
#MunarMedia #ASTANA #АқмолаОблысы #Сандықтау #Петровка #Зейнеткер #ЖСН #Құқық #ӘлеуметтікТөлем #Қазақстан