04.08.2026. ASTANA – Munarmedia.kz. Астана қаласы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Әлия Макаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады.
Бұған дейін әлеуметтік желілер мен бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында полиция қызметкері заңсыз көші-қонды ұйымдастырды деген күдікке ілінгені туралы ақпарат тараған болатын. Сондай-ақ тергеу шетел азаматтарына ықтиярхаттарды заңсыз рәсімдеу фактілеріне қатысты болуы мүмкін екені хабарланды.
БАҚ мәліметінше, қылмыстық іс бойынша бірнеше мемлекеттік органның өкілдері тексеріліп жатыр. Тергеу жұмыстарын Ішкі істер министрлігінің өзіндік қауіпсіздік бөлімшелері Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп жүргізуде.
ҰҚК Әлия Макаеваға қатысты сотқа дейінгі тергеудің басталғанын растағанымен, істің нақты қай бап бойынша қозғалғанын жариялаған жоқ.
«Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп мәлімдеді Ұлттық қауіпсіздік комитеті.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Өзге мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің талаптарына сәйкес жария етілмейді.
#Munarmedia #ASTANA #Астана #ҰҚК #ІІМ #КөшіҚонҚызметі #ӘлияМакаева #Тергеу #ҚұқықҚорғау #Қазақстан