Баяжума Асылбек. Таза Қазақстан "таза діни санадан "басталуы керек

51

Munarmedia.kz. 29.09.2026.АСТАНА-Бұған дейіңгі мақаламда Президент жариялаған "Таза Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын аула тазалығы, ағаш отырғызу, қоқыс жинау деп түснуден аулақ болу керек деген едік.
"Таза Қазақстан" біз ойлағаннан да ауқымды ұғым.
Оның басты тармағының бірі дін мәселесі.
Елімізде 18 конфессия бар. Оның алдына қойған идеологиясы әртүрлі.
Оның ішінде мемлекет құраушы қазақ пен басқа да ұлттар ұстанатын Ислам дінін ретке келтіріп "Таза Қазақстан" идеологиясына бейімдеу басты сұрақтардың және уақыт оздырмай жасалуы тиіс шаралардың бірі.
Алайда Президент айтқанымен елдегі идеологияға жауапты тұлғалар уақыт созып,нақты қадамдар жасар емес.
Олардың өздері де костюм киіп, галстук тағып жүргенімен іштерінен белгілі бір ағымның мүддесін қорғаушылар болуы әбден мүмкін.
Сондықтан да біз қанша айтқанымызбен, жазғанымызбен Президент өзі араласып, тапсырма беріп нақты іс әрекет, қимыл жасай қою неғайбыл.
Таза ел дегеніміз – тек таза көше емес дегенді айттық.
Идеологияға жауапты министрлік енді осыған жауапты әкім, министр орынбасарларымен ішкі саясат, қоғамдық даму саласының өкілдеріне неге түсіндіреу жұмыстарын жүргізбейді?
Неге әдістемелік құралдар жасамайды?
Таза ел – таза сана, таза ниет, таза қоғамдық қатынас және мемлекет заңына бағынатын қоғамдық орта қалыптастыру күн тәртібіндегі өзекті мәселе.
Оның ішінде маңызды саланың бірі діни орта да бар.
Бұл "Таза Қазақстан" идеологиясының басты тармақтарының бірі.
Келесі жолы білім, ғылым, әлеуметтану, қоғам т.б тармақтары бойынша да ұсыныс береміз.
Тыңдар құлақ болса...
Қазақстан – зайырлы мемлекет. Жаңа Конституцияда діннің мемлекеттен бөлінетіні, діни ұйымдардың қызметі заңмен реттелетіні және қажет болған жағдайда ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың құқықтарын қорғау үшін шектелуі мүмкін екені нақты көрсетілген. Сонымен бірге діни көзқарасына байланысты кемсітуге жол берілмейді делінген.
Алайда елдің рухани азып, тозуына, қауіпсіздігіне, бірлігіне, ата-салтына қарсы идеология тарататын кез-келген діни топтың әрекетіне қатаң қарап, заң аясында шара қолдануымыз керек.
Бұл мәселеде салқынқандылық керек.
Мәселе – Қазақстандағы діни орта Қазақстан мемлекетінің заңына, ұлттық мәдениетіне және азаматтық жауапкершілік қағидатына қаншалықты сәйкес?
БІЗГЕ ДІНДІ ЕМЕС, ДІНИ АЛАУЫЗДЫҚТЫ ТАЗАРТУ КЕРЕК
Қазақ қоғамында исламның тарихи орны ерекше.
Қолданыстағы діни заң Қазақстан мәдениеті мен рухани өмірінің дамуындағы ханафи исламның тарихи рөлін арнайы мойындайды. Бірақ сол заң басқа діни сенімдерге де заң аясында құрметпен қарауды және азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз етуді талап етеді.
Демек, мемлекет ханафи-матуриди дәстүріндегі қазақы исламды ұлттық рухани мұра ретінде қолдай алады және қолдауы да мүмкін.
Бірақ мұны азаматтың жеке сенімін күшпен таңуға айналдыруға болмайды.
Мемлекет үшін өлшем басқа болуы керек:
Заңға бағына ма?
Конституциялық құрылысқа құрметпен қарай ма?
Діни өшпенділік тудырмай ма?
Ғылым мен білімді жоққа шығармай ма?
Қазақстан азаматының мемлекет алдындағы міндетін мойындай ма?
Қоғамды бөлмей ме?
Осы талаптарға жауап беретін діни қызмет – қоғамға пайдалы қызмет.
Бұл мәселеге келгенде ҚМДБ мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті арасында үйлесімділік,нақты жұмыс пен талап жоқ.
Мен тимесең,сен тиме деген позицияны ұстанып келе жатқандарына көп болды.
ДІНИ ҚЫЗМЕТКЕР – ТЕК УАҒЫЗШЫ ЕМЕС
Бүгінде діни білім мен жалпы білімді қатар алып жүру мәселесін түбегейлі қайта қарау қажет.
Имам, уағызшы, діни ұстаз:
– дінтануды;
– Қазақстан тарихын;
– Конституция мен заң негіздерін;
– психологияны;
– педагогиканы;
– медиасауаттылықты;
– экономика негіздерін;
– ақпараттық технологияларды;
– мемлекеттік тілді білуі керек.
Бұл жерде Қазақстанға басқа елдердің тәжірибесі ой салады.
Мароккода Мұхаммед VI имамдар институтының қазіргі бағдарламасында діни ғылымдармен қатар әлеуметтану, антропология, психология, экономика, құқық, тарих, тілдер және коммуникация оқытылады. 2026 жылғы бағдарламада діни ағымдар мен қазіргі діни ой мәселелері де бар.
Түркияда Диянет академиясы имам, азаншы, Құран курсының оқытушысы және уағызшы сияқты діни қызметкерлерге қызметке кіріспей тұрып арнайы кәсіби даярлықтан өтуді заңдық жүйеге енгізген.
Академияда кәсіби және қызметтік даярлық бір жүйеге біріктірілген.
Малайзияда JAKIM исламдық білім беру жүйесін үйлестіруге және діни мектептер жөніндегі бірыңғай ақпараттық жүйені жүргізуге қатысады.
Яғни бұл тәжірибеден діни білімді бақылаусыз қалдыру емес, оны сапалы білім, кәсіби даярлық және мемлекеттік заң талаптарымен байланыстыру тәсілі бар екенін байқауға болады.
ДІНИ БІЛІМ БЕРУДЕ «ЕКІ ДИПЛОМ» ҚАҒИДАСЫ КЕРЕК
Меніңше, Қазақстанға да жаңа қағида керек.
Бірінші – діни білім.
Екінші – зайырлы кәсіптік немесе жоғары білім.
Мысалы, имам – исламтанушы ғана емес, педагог болуы мүмкін.
Діни қызметкердің арасында тарихшы, психолог, заңгер, экономист, дәрігер, IT маманы болуы қоғамға әлдеқайда пайдалы.
Әрине. Тарихта дінді ұстанған әрі ғылымға үлкен үлес қосқан ғалымдар өте көп. Бұл дін мен ғылымды міндетті түрде бір-біріне қарсы қою тарихи тұрғыдан дұрыс емес екенін көрсетеді.
Ислам өркениетіндегі ғалымдар
Әбу Насыр әл-Фараби (870–950) — философ, логик, математик.
Ислам философиясының ірі өкілі. Дінді, философияны және ақыл-ойды қатар қарастырған.
Әбу Әли ибн Сина (980–1037) — дәрігер, философ.
Оның «Дәрігерлік ғылым каноны» Еуропа мен Шығыста бірнеше ғасыр медицина оқулығы болды. Діни-философиялық еңбектер де жазған.
Әбу Райхан әл-Бируни (973–1048) — астроном, математик, географ. Жердің өлшемін есептеуге, астрономияға және Үндістан мәдениетін зерттеуге үлес қосты. Мұсылман ғалымы болған.
Мұхаммед әл-Хорезми (шамамен 780–850) — математик.
Алгебраның қалыптасуына зор үлес қосты. «Алгоритм» термині оның есімінің латынша нұсқасынан шыққан.
Ибн әл-Хайсам (965–1040) — оптика мен физиканың дамуына үлкен үлес қосқан.
Зерттеулерінде тәжірибе мен бақылауға ерекше мән берген.
Әл-Жазари (1136–1206) — инженер, механик. Автоматтандырылған құрылғылар, су машиналары және механикалық сағаттар жасаған.
Ибн Рушд (1126–1198) — дәрігер, философ, құқықтанушы. Ақыл мен діни сенімнің арақатынасын зерттеген.
Еуропадағы діндар ғалымдар
Николай Коперник (1473–1543) — католик дін қызметкері әрі астроном.
Күнді орталыққа қоятын гелиоцентрлік жүйені ғылыми түрде дамытты.
Иоганн Кеплер (1571–1630) — астроном, математик, христиан. Планеталардың қозғалыс заңдарын ашты.
Табиғат заңдарын зерттеуді Құдай жаратқан әлемді түсінудің жолы деп санаған.
Блез Паскаль (1623–1662) — математик, физик, философ. Сонымен бірге терең діни көзқараста болған христиан ойшылы.
Роберт Бойль (1627–1691) — қазіргі химияның негізін қалаушылардың бірі.
Діни еңбектер жазып, ғылым мен христиандықты үйлесімді деп санаған.
Майкл Фарадей (1791–1867) — электромагнетизмнің негізін қалаған ұлы физик.
Діни қауым мүшесі болған және сенімін өмірінің маңызды бөлігі санаған.
Джеймс Клерк Максвелл (1831–1879) — электромагниттік теорияны қалыптастырған физик. Терең христиандық дүниетанымы болған.
Грегор Мендель (1822–1884) — генетиканың негізін қалаушы.
Ол Австриядағы августиндік монах болған.
Өсімдіктерге жүргізген тәжірибелері арқылы тұқымқуалаушылықтың негізгі заңдылықтарын ашты.
Ендеше мешіт пен медресе тек діни уағыздар айтатын орын ғана нмес ғылым мен білімнің, рухани дамудың орталығына айналуы тиіс.
Сондықтан имам жасөспірімнің психологиялық мәселесін түсіне алуы, отбасылық жанжалды ушықтырмай шешуге бағыт беруі, білім алудың маңызын түсіндіруі, кәсіп пен адал еңбекті насихаттауы керек.
ОТАН ҚОРҒАУ – ДІННЕН БӨЛЕК МӘСЕЛЕ ЕМЕС
Тағы бір маңызды мәселе бар.
Қазақстан Конституциясында Отанды қорғау азаматтың қасиетті міндеті әрі борышы екені және азаматтардың әскери қызметті заңда белгіленген тәртіппен атқаратыны жазылған.
Сондықтан діни сенім азаматты Конституция мен заңда белгіленген міндеттерден автоматты түрде босататын құрал болмауы керек.
Діни оқу орнында оқитын жас та – Қазақстан азаматы.
Оның діндар болуы Отан алдындағы жауапкершілігін азайтпайды.
Керісінше, имандылық пен отансүйгіштік бір-біріне қарсы ұғым болмауы тиіс.
Сондықтан діни білім алушыларға әскери-патриоттық дайындық, алғашқы медициналық көмек, азаматтық қорғаныс және Конституция негіздері енгізілуі керек.
Имамды тек мешітте намаз жүргізетін діни қызметкер ретінде қабылдау қателік.
Әлем тарихында дін қызметкерлері сарбаздарға рухани жетекшілік етіп қана қоймай, соғыс кезінде олардың қатарында болып, кейде қару алып, майданда қаза тапқан.
Мысалы, Осман армиясында XIX–XX ғасырларда табур имамы, полк имамы, полк мүфтиі деген ресми әскери қызметтер болған. Олардың міндеті сарбаздарға діни білім беру, намаз өткізу, рухын көтеру және соғыс кезінде рухани қолдау көрсету еді. Кейбірі тікелей ұрысқа қатысқан.
Тарихта аты қалған бірнеше тұлға бар.
Дадайлы Сүлейманоғлы Мехмед Ефенді — Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Осман флотының Barbaros Hayreddin кемесінде имам болған.
1915 жылғы 8 тамызда кеме британдық сүңгуір қайықтың шабуылынан батып, Мехмед Ефенді қаза тапты.
Али Рыза Ефенді — Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі 73-полктің мүфтиі.
Чанаккале шайқасында сарбаздарды жауға қарсы жігерлендіріп жүрген кезінде пулемет оғынан қаза тапқан.
Исмаил Хаккы Ефенді — 97-полктің мүфтиі.
Ол Чанаккале майданында өз бөлімінің алдында жүріп шайқасқан және қаза тапқан діни қызметкерлердің бірі болды.
Хасан Фехми Ефенді — Чанаккале майданында табур имамы болған. 1915 жылы офицерлер жетіспеген кезде оған уақытша бөлім командирлігі де жүктелген.
Кейін 57-полктің мүфтиі ретінде Галиция майданына барып, 1916 жылы Ресей әскеріне қарсы шабуыл кезінде қаза тапқан.
Мұстафа Мемдух Өзакташ — 1910 жылдан Осман армиясының табур имамы.
Балқан соғысына, 1915 жылғы Чанаккале шайқасына, кейін Кавказ және Палестина майдандарына қатысты.
1919 жылдан бастап Түркияның Тәуелсіздік соғысына да қатысып, Инөнү, Сакария және Бас қолбасшы шайқастарында болған.
Ал ислам тарихындағы бұдан да ертерек кезеңге қарасақ, Абдулла ибн әл-Мүбарак (736–797) — әйгілі хадис ғалымы, фақиһ әрі тақуалық тұлға болған.
Ол Византияға қарсы жорықтарға қатысқан.
Яғни діндарлық пен ғалымдық пен Отанды қорғау міндетін бір-біріне қарама-қарсы қойған емес.
Бұл мысалдар имамның міндеті тек мінберде уағыз айту емес, қажет кезде ол елдің, жердің және халықтың қауіпсіздігін қорғау ісіне де араласқан дегеннің нақты дәлелі.
Бізде отан қорғауға, отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге келгенде мешіттер мен медреселерге тығылып жатып алатын жастар мен апталдай уағызшыларымыз аз емес.
Ең қауіптісі олар өз уағыздарында отаныңды қорға деп емес, біз тек жалпы Исламды орнату үшін ғана күресуіміз қажет деген сыңды біржақты уағыздарымен жастардың санасын улап, мемлекет, отан деген ұғымдарды екінші сатыға қоюда.
Мұның арты жақсылыққа апармайтынын бәріміз білеміз.
Бірақ көз жұмып естімегенсіп отырмыз.
АЛ «АҒЫМДАРДЫҢ» МӘСЕЛЕСІН ҚАЛАЙ ШЕШЕМІ
Сопылық, салафилік, уахабшылдық сияқты атауларды бір қазанға салып, олардың барлығының мақсат, міндет, идеологиясын құқықтық жағынан да, ғылыми жағынан да сараптайтын кез келді.
Мемлекет өз қауіпсіздігі мен тұтастығын, тұрақтылығын сақтау үшін діни ұйымдардың атауынан бастап нақты әрекетіне баға беруі керек.
Егер қандай да бір ұйым:
– діни араздықты қоздырса;
– зорлықты ақтаса;
– Конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге шақырса;
– терроризмді немесе экстремизмді насихаттаса;
– заңсыз қаржыландырумен айналысса;
– азаматтарды заңды міндеттерін орындаудан бас тартуға үгіттесе онда оған құқық қорғау органдары нақты заң нормалары бойынша шара қолдануы керек деп айтылған. Жазылған.
Алайда нақты әрекет,сараптама,саясат, идеология жоқ.
Әртүрлі ағымдар әр бұрышта өз уағыздарын тықпалап, халықтың сенімімен ойнауда.
Көп жағдайда бұл ұйымдар өздерінің материалдық жағдайларын жақсартып алу үшін әрекет жасап жатқаны өтірік емес.
Мемлекетке оның дін саласындағы өкілетті ұйымы ҚМДБ уағызшыларды арнайы тексерістен өткізуді, лицензия алуды жүзеге асыруды қолға алу керек дегенімізбен тыңдар құлақ жоқ.
Арнайы курстан өтсін, семинарларда білімін жетілдірсін, емтихан тапсырсын да, лицензиясын алып, уағыз айта берсін.
Бұл мәселе Ресейде тиым салынған "Иегова куәгерлері" сынды діни бірлестіктердің Қазақстан аумағында жұмыс жасап отырғанын бәріміз де білеміз.
Оларға да заң аясында қадағалау қажет
Бұл – зайырлы мемлекеттің негізгі қағидасы.
ҚАЗАҚСТАНҒА НЕ КЕРЕК?
Меніңше, «Таза Қазақстан» бағдарламасының қоғамдық-саяси мазмұнына «Таза сана» деген бағыт қосуға болады.
Оның ішінде бес нақты қадам болуы тиіс.
Біріншісі. Діни қызметкерлердің бірыңғай кәсіби стандарты.
Имам, уағызшы, діни ұстаз үшін діни біліммен қатар құқық, тарих, психология, педагогика және коммуникация бойынша міндетті даярлық енгізу.
Екіншісі. Діни білім беру жүйесін күшейту.
Діни оқу орындарына бірыңғай академиялық талаптар қойып, олардың бағдарламасына зайырлы пәндерді енгізу.
Үшіншісі. «Дін және Отан» бағдарламасы.
Діни білім алушылар үшін азаматтық жауапкершілік, әскери-патриоттық тәрбие, Конституция, мемлекеттік тіл және Қазақстан тарихы бойынша міндетті модуль енгізу.
Төртіншісі. Діни ағымдарға емес, заңсыз әрекетке бақылау.
Құқық қорғау органдары діни көзқарасты емес, нақты құқық бұзушылықты тексеруі керек.
Бесіншісі. Қазақстандық исламтану мектебін қалыптастыру.
Ханафи мазһабын ата салт, дәстүрімізге негізделіп, қазақтың тарихи діни мәдениеті, Абай, Шәкәрім, әл-Фараби сияқты ойшылдардың дүниетанымы, ғылым мен білім құндылығы негізінде заманауи қазақстандық исламтану мектебін дамыту.
Бұл – сырттан келген кез келген діни идеяға есік жабу емес.
Бұл – өзінің ғылыми және рухани иммунитеті бар қоғам құру.
БІР ДІН ЕМЕС – БІР МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰНДЫЛЫҚ КЕРЕК
Қазақстанның алдында тұрған басты қауіп – адамның намаз оқуы немесе мешітке баруы емес.
Діни сенім азаматтық бірегейлікті,санасын, ұлттық менталитеті мен болмысынан, тілінен, салтынан айырмауы қажет.
Ең бастысы осы!
Егер адам өзін ең алдымен руымен, одан кейін жүзімен, одан кейін діни тобымен бөлініп, ал Қазақстан азаматы екенін соңғы орынға қойса – қоғам әлсірейді.
Бізге керегі:
Бір Отан.
Бір Конституция.
Бір мемлекеттік тіл.
Бір азаматтық жауапкершілік.
Бір заң.
Ал діни сенім – адамның ар-ождан кеңістігі.
Мемлекет сол кеңістікті құрметтей отырып, идеологиялық жұмысты жүргізуі керек.
Бірақ сол кеңістік арқылы мемлекетті әлсіретуге, қоғамды бөлуге, жастарды ғылымнан алыстатуға немесе азаматтық міндеттерден қашуға жол бермеуі керек.
Сондықтан «Таза Қазақстан» – ағаш отырғызумен аяқталмауы тиіс.
Көшені тазаладық., ағаш ектік, фотоға түстік. Жоғарыға есеп бердік.
Ертеңінде ол көше мен ағаштарды ешкім есіне де алмайды.
Енді қоғамдық сананы тазартатын кез келді.
Таза табиғат.
Таза қоғам.
Таза саясат.
Таза діндарлық.
Таза сана.
«Заң алдындағы теңдік + қазақстандық исламның тарихи-мәдени дәстүрін дамыту + экстремизмге нөлдік төзімділік"" міне "Таза Қазақстанның"философиясы осы .
Баяжума Асылбек
Саяси сарапшы