Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Белгілі түрколог Қаржаубай Сартқожаұлы дүниеден озды: Бас хатшы Раевтан көңіл айту жеделхаты

84

Құрметті қауым!

Белгілі түрколог ғалым, профессор, Орхон-Енисей руникалық көне жазбаларының танымал зерттеушісі, Түркі әлемінің көрнекті тұлғасы Қаржаубай Сартқожаұлының дүниеден өткені туралы қаралы хабар қабырғамызды қайыстырды.

Жастайынан әйгілі академик Әлкей Марғұланнан бата алып, Түрік мемлекеттерінің көптеген ғалымдарына ұстаз болған танымал түрколог ағамыздың дүние салуы күллі Түркі ғылымы үшін орны толмас ауыр қаза.  

Қаржаубай Сартқожаұлы өмірінің соңына дейін қолынан қаламын тастамай, бар өмірін ғылымның дамуына арнаған нағыз ғалым. Айбынды аталарымыз сияқты күндіз отырмай, түн ұйықтамай түрік ұлысы үшін еселі еңбек етті. Түркінің терең тарихының құпиясын ашып, байырғы бабаларымыздың руһын тірілтуге зор үлес қосты. Тарихи жадымызды жандандырып, түркілік санамызды сілкінтті.

Ағамыз түркілердің байырғы атақонысын да жылдар бойы зерттеп, әрбір тасын зерделеп, көптеген тарихи қорымдарға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді.

Ғалымның “Түркі қағанаттары”, «Байырғы түрік жазбаларының генезисі» туындылары, «Орхон ескерткіштерінің толық Атласы» үш томдығы, «Көне түркі жазба үлгілері: Орхон мұралары», «Үйсін хандығы», «Таста қалған тағылым», «Тас кітаптың құпиясы», «Записки казахского тюрколога” және «Баба тілінің байырғы мұрасы: зерттеулер» сынды өзге де іргелі еңбектері түркі ғылыми қауымдастығының жоғары бағасына ие болды.  

Орасаң зор еңбектері үшін Қаржаубай ағамызға Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі атағы беріліп, Ататүрік атындағы Халықаралық Түрiк Тарих академиясының мүшелігіне қабылданды.

Ғалымның еңбектері көптеген шетел тіліне аударылып, түркінің бай тарихы туралы деректердің әлемдік ғылыми айналымға түсуіне де өлшеусіз үлес қосты. Түркілердің өз дәуірінде инновациялық революция, үлкен өркениет пен мәдениет жасаған халық екенін әлемге нақты ғылыми дәлелдермен көрсетті.

Соңында мол руһани қазына қалдырған Қаржаубай Сартқожаұлының түркі тарихына қосқан  ұшан-теңіз еңбегі Түркі әлемі үшін мәңгілік мұра, өлмес руһани азық.

Марқұмның иманы жолдас болсын! Барлық түркі халқына, отбасы, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын!

Ардақты ағамыздың аты мен жазған хаты түрік халықтарының жады мен жүрегінде мәңгі жасай береді.

Сұлтан Раев,
ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы ‎