Бурабайдағы көне колледждегі келелі кездесу

98


Ақмола облысы, Бурабай ауданындағы  жоғарғы орман шаруашылығы, экология және туризм колледжінде "Байтақ" партиясының облыстық филиалы студенттер мен оқытушылар қауымымен маңызды кездесу өткізіп, жас ұрпақпен тікелей диалог орнатты. Бұл жиын — аймақтық экологиялық сана мен азаматтық белсенділікті нығайтуға бағытталған өткір және уақтылы бастама болды.


Кездесу барысында Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген басты мәселелерге — конфессияаралық және этносаралық татулық, экологиялық ахуал, сондай-ақ "Байтақ" партиясының стратегиялық басымдықтарына ерекше тоқталынды. Қатысушылар ақпараттық бейнематериалдармен танысып, экология мен жасыл даму саласындағы практикалық қадамдар жайында ой бөлісті.

Іс-шараға Ақмола облыстық филиал төрағасы Асылбек Баяжума, саяси кеңес мүшесі Герихан Яндиев, "Қоғамдық келісім" КММ бас сарапшысы Тілектес мырза, Бурабай аудандық филиал төрағасы Осман Яндиев және колледж директоры Азамат Қожақов қатысты. 



Еліміздегі ең көне оқу орын саналатын колледжде тарихы да қызық. Колледж директор Азамат Қожықовтың айтуынша: Орман шаруашылығы, экология және туризм жоғары колледжі — еліміздегі ең көне оқу орындарының бірі. Оның тарихы XIX ғасырдың соңынан бастау алады.

1898 жылы Омбы қаласынан Бурабай өңіріне төменгі орман мектебі көшіріліп әкелінді. Бұл оқу орны кейіннен еліміздің орман шаруашылығы саласындағы алғашқы кәсіби білім беретін орталыққа айналды.

1924 жылы Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен «Боровская низшая лесная школа» «Боровской орман техникумы» болып қайта құрылды. Техникумның алғашқы директоры Евгений Иосифович Седлак болды. Ол 1912 жылдан 1946 жылға дейін табанды еңбек етіп, оқу ордасының қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты.

Техникумның алғашқы оқытушыларының қатарында қазақтың белгілі жазушысы, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсірепов те болды.

Ұлы Отан соғысы жылдары техникумнан 80-ге жуық студент пен қызметкер майданға аттанып, Отан қорғауға қатысқан. Соғыс кезінің ауыр жағдайларына қарамастан, оқу процесі тоқтаған жоқ.

Соғыстан кейінгі жылдары елмен бірге техникум да көптеген қиындықтарды бастан өткерді, дегенмен өз жұмысын жалғастырып, кәсіби мамандар даярлауды тоқтатқан жоқ. Білім ордасы сапалы білім беру дәстүрін сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан игі дәстүрлерін бүгінге дейін жеткізді.


Талай еңбек ерлері мен ардагерлер білім алған ошықта бүгіңгі таңда мыңға жуық студент білім алады. Еліміздегі экология және орман шаруашылығы сынды ең маңызды салалардың мамандарын даялайтын оқу орнында қазақ тобының болмауы бізді қынжылтты. Директордың сөзінше, барлық мұмкіндіктер жасалғанмен қазақ тобына оқитын балалар болмай отыр дейді. Бұл өте күрделі мәселе. Дегенмен де түрлі жобаларымен, білім сапасымен озық колледждің алдына қойған мақсаты зор. Облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі байқауларға қатысып жүрген колледж ұстаздары мен студенттерінің белсенділігі алғыс хаттармен белгіленген екен. 

Колледждің дәстүрлі ерекшелігі — теория мен практиканың тығыз байланысы: студенттер теориялық білімді орман алқаптарында, тәжірибелік зерттеулер мен далалық жұмыстарда қолданады. Бұл оқыту жүйесі түлектерді нақты өндірістік және қорық-шаруашылық жұмыстарына толық дайындайды.

Колледждің төл тәжірибесі мен тарихы — Бурабайдың табиғи қорын сақтауға бағытталған білім мен тәрбие жүйесінің негізі. Көптеген жылдар бойы білім ордасы аймақтың ұлттық парктері мен орман шаруашылықтарының кадр резервін қалыптастырды; оның түлектері қазір ұлттық парктерде, орман және экология басқармаларында еңбек етіп жүр.

"Байтақ" партиясының бүгінгі кездесуі — жастарды табиғатты сақтаудың маңыздылығына тартудың тиімді тәсілі. Партия мен білім ордасының ынтымақтастығы өңірлік экологиялық бастамаларды іске асыруға, жас буынды жоба-идеяларға жұмылдыруға жол ашады. Студенттердің белсенді қатысуымен жоспарланған 23 қазандағы өңіраралық байқау — дәл осындай тәжірибелік алаң болмақ, онда жастар экологиялық инновациялар мен жергілікті қоғамға пайдалы жобаларын таныстырады.


Экология мен туризм саласында білім алған жастардың қоғамға ықпалы зор: олар табиғатқа деген жауапкершілікті қоғам деңгейінде таратуға қабілетті, орман ресурстарын ұтымды пайдалану мен экожүйені қалпына келтіру ісіне тікелей үлес қосады.


Бурабайдағы Орман шаруашылығы, экология және туризм колледжінің тарихи тамыры терең — 19-ғасырдағы «Боровской лесничая школа»-дан бастау алатын бұл оқу орны өңіріміздің табиғи байлығын сақтаудағы тәрбиелік және кәсіби миссиясын жалғастыруда. "Байтақ" партиясының бастамашыл кездесуі мен колледжбен бірлескен жобалары — жасыл болашақтың нақты қадамдары. Жастар мен тәжірибелі мамандардың бірлескен еңбегі арқылы Бурабайдың табиғи байлығы келесі ұрпаққа аман-есен жеткізілмек.