Munarmedia.kz.20.09.2026.ASTANA. АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Иранға қарсы санкцияларды көздейтін заң жобасына қол қойды. Құжат Ресейге қатысты санкцияларды енгізу мен кеңейтуді, сондай-ақ Иранға қарсы қолданыстағы шектеулерді ұзартуды қарастырады.
«Синьхуа» агенттігінің 19 қыркүйекте Вашингтоннан таратқан ақпаратына сәйкес, бұл туралы Ақ үйдің ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде айтылған.
«Линдси Грэмнің 2026 жылғы Ресей мен Иранға қарсы санкциялар туралы заңы» деп аталатын құжат Ресейге қатысты санкциялар, баж салығы мен бірқатар тыйымды енгізуге немесе кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Иранға қарсы қолданыстағы санкциялардың мерзімі ұзартылмақ.
Заң жобасын АҚШ Сенаты 7 тамызда мақұлдаған. Ал Өкілдер палатасы құжатты 16 қыркүйек, сәрсенбі күні қабылдаған.
Ресейдің энергетикасы мен қаржы секторына шектеулер қарастырылған
Заң Ресейдің бірқатар лауазымды тұлғаларына, банктеріне және ресейлік энергетикалық ресурстарды тасымалдауға пайдаланылатын кемелерге санкция салуға құқықтық негіз қалыптастырады.
Сонымен бірге құжат АҚШ президентіне Ресей мұнайы мен табиғи газын импорттайтын ең ірі бес елдің тауарларына 100 пайызға дейін кедендік баж енгізу құқығын береді. Бұл шараларды қолдану мәселесі президенттің шешіміне байланысты болады. (reuters.com)
Иранға қарсы санкциялар тағы бес жылға ұзартылды
Құжат Иранға қатысты қолданыстағы санкцияларды тағы бес жылға ұзартады. Шектеулер елдің энергетика және қорғаныс секторларына бағытталған.
Заңның қабылдануы АҚШ-тың Ресей мен Иранға экономикалық қысымды жалғастыруға бағытталған шараларының құқықтық аясын кеңейтеді. Алайда санкциялар мен тарифтердің нақты қолданылуы президент қабылдайтын шешімдерге байланысты.
Дереккөз: Ақ үй, Reuters. (The White House)
#Munarmedia #АҚШ #ДональдТрамп #Ресей #Иран #Санкциялар #ӘлемЖаңалықтары #ХалықаралықҚатынастар #Экономика