Көкшетауда Ұлыбританияға жұмысқа орналастыруды уәде етіп, 93 адамды алдаған әйел тергеліп жатыр

2


Munarmedia.kz 08.08.2026. ASTANA  Көкшетауда азаматтарды Ұлыбританияға жұмысқа орналастыруға көмектесемін деп, ақша алған әйелге қатысты алаяқтық ісі тергеліп жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктінің әрекетінен 93 адам зардап шеккен. Келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 50 млн теңгені құрайды.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті 2023 жылдан 2026 жылғы қаңтарға дейін әлеуметтік желілер арқылы шетелге жұмысқа шығуға ниетті азаматтарға қажетті құжаттарды рәсімдеп беруді ұсынған.

Ол азаматтарға виза алуға, медициналық сақтандыру рәсімдеуге, биометриялық деректерді тапсыруға және шетелде жұмыс істеуге қажетті басқа да формальдылықтарды орындауға көмектесуге уәде берген.

Осыған сенген азаматтар күдіктіге ақша берген. Олар қажетті құжаттарын алып, көп ұзамай Ұлыбританияға жұмысқа аттанамыз деп үміттенген.

Алайда тергеу барысында уәде етілген қызметтердің іс жүзінде көрсетілмегені анықталған.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігіне сәйкес, яғни ірі мөлшерде алаяқтық жасау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Күдікті жауап алынды. Сот оның бұлтартпас шарасын үйқамақ түрінде таңдады.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Полиция мұндай тәсілмен алданған азаматтардың саны артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Құқық қорғау органдары шетелге жұмысқа орналастыруға уәде беретін делдалдардың ұсыныстарына сақтықпен қарап, ақша аудармас бұрын олардың заңды мәртебесі мен қызметін мұқият тексеруге шақырады.

Күдіктінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталған жоқ.

#Munarmedia #ASTANA #Көкшетау #АқмолаОблысы #Алаяқтық #Жұмыс #Ұлыбритания #ШетелдеЖұмыс #ЖұмысқаОрналасу #Полиция #ҚылмыстықІс #50МлнТеңге #Қазақстан