Munarmedia.kz. 12.10.2026. ASTANA-Астана тұрғыны әлеуметтік желілер арқылы азаматтарға маркетплейс жүргізуді үйретуді ұсынып, олардың сеніміне кірген. Алайда оқыту қызметін сылтау етіп, бес адамның жалпы сомасы 15,6 миллион теңгесін иемденген әйел 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасы хабарлады.
Әйел оқыту барысында жәбірленушілерге салған қаражатын пайдасымен бірге қайтаруға уәде берген. Ол маркетплейс арқылы тауар сатып алып, кейін оны қайта сату үшін ақша салуды ұсынған.
Алайда азаматтардан алған қаражатын уәде етілген мақсатқа жұмсамай, өз қалауы бойынша пайдаланған. Соның салдарынан бес жәбірленушіге жалпы сомасы 15,6 миллион теңге көлемінде материалдық залал келтірілген.
Сот үкімімен әйел алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Бұрынғы соттылығы ескеріліп, оған 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары да қанағаттандырылды.
Прокуратура азаматтарды сақ болуға шақырады.
Құзырлы орган жоғары табысқа кепілдік беру, бизнесті дамыту немесе әлеуметтік желілер арқылы инвестиция салуды ұсыну алаяқтықтың құралы болуы мүмкін екенін ескертеді.
Ақша аудармас бұрын қаражат алушының кім екенін, қызметінің заңдылығын және ұсынылған жобаның сенімділігін тексеру қажет. Сондай-ақ қаржылық міндеттемелерді тиісті құжаттармен рәсімдемей, ірі көлемдегі ақшаны беруге болмайды.
#Munarmedia #Астана #Алаяқтық #Маркетплейс #ҚаржылықСауаттылық #Прокуратура #Қауіпсіздік