Munarmedia.kz 21.08.2026. АСТАНА Қазақстанның республикалық маңызы бар автожолдарында жүргізушілерге жедел техникалық көмек көрсететін жаңа сервис іске қосылды. Қызмет әзірге пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр.
Арнайы «ҚазАвтоЖол» пикаптары қазіргі таңда Астана – Аршалы және Астана – Теміртау бағыттарындағы жол учаскелерінде кезекшілік атқарады.
Жолда көлігі істен шыққан жүргізушілер техникалық көмекке 1403 қысқа нөмірі арқылы жүгіне алады. Мамандар автокөлік жүрмей қалған, дөңгелек жарылған немесе ауасы шыққан, техникалық ақау туындаған, сондай-ақ көлікті сүйрету қажет болған жағдайда көмек көрсету үшін оқиға орнына жіберіледі.
Көмек шақырған кезде жүргізуші операторға өзінің нақты орналасқан жерін, қозғалыс бағытын және көлікте туындаған ақаудың сипатын хабарлауы қажет.
Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша «ҚазАвтоЖол» қызметке деген сұранысты бағалап, оны республикалық автожолдардың басқа учаскелерінде әрі қарай дамыту мүмкіндігін қарастырады.
#MunarmediaKZ #Астана #Қазақстан #ҚазАвтоЖол #ЖолҚауіпсіздігі #ТехникалықКөмек #Автожол #Жүргізушілер #1403 #Жаңалық