Қазақстанда Халықаралық жасанды интеллект мектебі ашылады

35

Munarmedia.kz 26.09.2025 /Астана/ Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті (ШҚУ) Малайзияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі — Universiti Pendidikan Sultan Idris (UPSI) және басқа да ірі білім беру орталықтарымен бірқатар маңызды келісімдерге қол жеткізді. Келіссөздердің басты нәтижесі – Amanzholov University базасында Халықаралық жасанды интеллект мектебін (AI School) ашу туралы шешімнің қабылдануы болды.

Келіссөздер Малайзияда өтті. Қатысушылар қатарында ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген, жетекші ғалымдар мен Қазақстанның Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Сүгірбаев болды. UPSI ректоры, профессор Dato’ Dr. Md Amin bin Md Taff-пен екі диплом берілетін бірлескен бағдарламаларды іске қосу, студенттер мен оқытушылар арасында академиялық алмасу жүргізу, сондай-ақ ядролық физика, сутектік энергетика, цифрлық трансформация және инклюзивті білім беру салаларында ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Жасанды интеллект мектебінің ашылуы — елімізде 100 мыңнан астам студентті қамтуды көздейтін және DeepTech-стартаптарды қолдау мен цифрлық дағдыларды дамытуға бағытталған «AI-SANA» бағдарламасының қисынды жалғасы болмақ. Жоба Мемлекет басшысының жасанды интеллектті экономика мен білім беру саласына енгізу туралы тапсырмасына сай келеді.

Сонымен қатар, университет тарапынан Малайзияда Абай атындағы мәдени-білім беру орталығын ашу ұсынылды. Бұл орталық қазақ тілі мен әдебиетін, сондай-ақ ұлы ойшылдың философиялық мұрасын шетелде ілгерілетуге бағытталмақ.

ШҚУ делегациясы сапар барысында Малайзияның туризм саласындағы тәжірибесін де зерттеді. Бұл тәжірибе болашақта шығыс өңірдің тарихи-мәдени әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға және осы бағыттағы мамандар даярлауға мүмкіндік береді.

Жоба — Қазақстанның цифрлық трансформация және халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығы жолындағы ірі қадамдарының бірі болып табылады.