Munarmedia.kz | 20.08.2026 | ASTANA – Қазақстан мен Оңтүстік Корея еңбек көші-қоны саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде. Қазақстанның EPS – жұмыспен қамтуға рұқсат беру жүйесіне қосылуы жөнінде Сеулмен келісім жасалды. Бұл қазақстандықтардың Кореяда заңды түрде жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейтеді.
Алдын ала жоспарға сәйкес, 2028 жылдан бастап Қазақстан азаматтары Оңтүстік Кореяда E-9 жұмыс визасы арқылы еңбек ете алады. Бұл виза негізінен құрылыс, өндіріс, ауыл шаруашылығы, қонақүй және қоғамдық тамақтану салаларында жұмыс істейтін шетелдік азаматтарға беріледі.
Қазақстандықтар үшін не өзгереді?
EPS жүйесі іске қосылғаннан кейін жұмысшыларды іріктеу Қазақстанның өзінде, ресми және ашық тәртіппен жүргізіледі. Кандидаттардың корей тілін білу деңгейі, кәсіби біліктілігі және денсаулық жағдайы тексеріледі.
Бұл тетік еңбек мигранттарын делдалдардың көмегіне тәуелді етпей, жұмысқа орналасу үдерісін жүйелендіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Кореядағы жұмыс берушілерге қажетті мамандарды белгіленген тәртіппен таңдауға жол ашылады.
Алайда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі EPS жүйесі әзірге іске қосылмағанын ескертті.
Осыған байланысты азаматтарға Оңтүстік Кореяға жұмысқа орналастыруды «кепілдейтін» немесе қысқа мерзімде жұмыс тауып беруге уәде ететін делдалдарға сақ болу ұсынылады.
Министрлік мәліметінше, тіркеудің басталу мерзімі, кандидаттарға қойылатын талаптар, тестілеу тәртібі және іріктеудің басқа да кезеңдері туралы ақпарат тек ресми арналар арқылы жарияланады.
«Азаматтарға тіркеу мерзімі, кандидаттарға қойылатын талаптар, тестілеуден өту тәртібі және басқа да кезеңдер туралы барлық ақпарат министрліктің ресми көздері арқылы жеткізіледі», – делінген ведомство хабарламасында.
EPS жүйесі Кореяның еңбек нарығына шетелдік жұмысшыларды заңды әрі реттелген тәртіппен тартуға арналған. Қазақстанның аталған жүйеге қосылуы азаматтардың еңбек көші-қонын қауіпсіз ұйымдастыруға және заңсыз делдалдық тәуекелдерін азайтуға бағытталған.
Айта кетейік, Орталық Азия елдерінің ішінде Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтары да EPS жүйесі арқылы Оңтүстік Кореяда еңбек ету мүмкіндігіне ие.
#Munarmedia #ASTANA #Қазақстан #ОңтүстікКорея #Корея #Жұмыс #ЕңбекКөшіҚоны #EPS #E9 #ЖұмысқаОрналасу #ЕңбекМинистрлігі #КореядаЖұмыс #Қазақстандықтар #ШетелдеЖұмыс #Жаңалық