Қазақстанмен байланысы бар хакерлер тобы Ресейдегі мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасаған

81


Munarmedia.kz.16.10.2026.ASTANA-АҚШ-тың киберқауіпсіздік саласындағы зерттеушілері Silent Lynx деп аталатын хакерлер тобының Қазақстанда орналасуы ықтимал деген қорытындыға келді. Бұл туралы Vlast.kz басылымы хабарлады.

Зерттеушілердің мәліметінше, соңғы жылдары аталған топ Орталық Азия, Кавказ елдері мен Ресейдегі мемлекеттік және мемлекетпен байланысты интернет-ресурстарды бұзған. Биылғы жылдың басында Ресейдің Орск мұнай өңдеу зауытына жасалған кибершабуыл да осы топтың әрекеті болуы мүмкін.

Мамандар Silent Lynx тобының Қазақстанмен байланысы бар деген болжамды бірнеше белгімен түсіндіреді. Атап айтқанда, хакерлер зиянды бағдарламаның кодын құрастырғаннан кейін көп ұзамай оны Қазақстан аумағынан тексеруге тырысқан. Сонымен қатар топтың желідегі белсенділігі Қазақстанның уақыт белдеуіне сәйкес келген.

Дегенмен бұл белгілер хакерлердің Қазақстанда нақты орналасқанын немесе шабуылдарды Қазақстан азаматтары жасағанын түпкілікті дәлелдемейді.


#Қазақстан #Киберқауіпсіздік #Хакерлер #Ресей #Кибершабуыл