Munarmedia.kz | 22.08.2026 | ASTANA — Ақмола облысының Бурабай ауданында байланыс мұнарасында жұмыс істеп жүрген монтер биіктіктен құлап, бірнеше жерінен жарақат алды.
Алдын ала мәлімет бойынша, жұмысшы шамамен 5-7 метр биіктікте жөндеу жұмыстарын жүргізген. Жұмыс барысында қауіпсіздікке арналған сақтандыру тросы үзіліп, ер адам жерге құлаған.
Оқиға орнына жедел қызмет өкілдері шақырылды. Зардап шеккен азаматтың бірнеше жерінен сүйек сынғаны анықталды.
Қазіргі таңда монтердің нақты қай ұйымға тиесілі екені әзірге белгісіз. Ол «Қазақтелеком» АҚ қызметкері ме, әлде ұялы байланыс операторларының біріне қызмет көрсететін мердігер ұйымның жұмысшысы ма — бұл мәселе нақтыланып жатыр.
Ақмола облысы бойынша еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, жұмыс беруші тарапынан жазатайым оқиға туралы ресми хабарлама түспеген.
Қазір мамандар оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Атап айтқанда, сақтандыру тросының үзілу себептері, сондай-ақ биіктікте жұмыс істеу кезінде еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуы тексеріледі.
Айта кетейік, бұған дейін 4 және 5 тамызда Жамбыл және Қостанай облыстарында «Қазақтелекомның» екі қызметкері қаза тапқан. Бір қызметкер тірек бағанын ауыстыру кезінде электр тогынан көз жұмса, екіншісі бағанды бөлшектеу барысында құлаған тіректің астында қалып, мерт болған.
Оқиғаға қатысты тексеру қорытындысы қосымша хабарланады.
#Munarmediakz #Қазақстан #АқмолаОблысы #Бурабай #Оқиға #ЕңбекҚауіпсіздігі #ЖазатайымОқиға #Қазақтелеком #Байланыс #ЕңбекИнспекциясы #Астана