04.08.2026. ASTANA – Munarmedia.kz. Алматы қаласының Алмалы аудандық соты «ҚазТАГ» ақпарат агенттігіне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды.
Сот агенттік директоры Асет Матаевты басшы міндеттеріне адал қарамау және бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, 3 жылға журналистік қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Сондай-ақ агенттіктің бас редакторы Әмір Қасенов бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану арқылы көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оған 2 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасын белгіледі. Жеңілдететін мән-жайлар мен рақымшылық туралы заңның қолданылуына байланысты жаза 1 жыл 3 айға дейін қысқартылды. Сонымен бірге оған 5 жыл мерзімге журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Сот талқылауы агенттіктің «Фридом Финанс» брокерлік компаниясы туралы жариялаған бірқатар теріс материалдарына байланысты жүргізілді.
Іс бойынша тағы бір айыпталушы – Астана қаласының тұрғыны Жанна Қапарова да көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 2 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалғанымен, кәмелетке толмаған балаларының болуына және рақымшылықтың қолданылуына байланысты негізгі жазадан босатылды. Дегенмен оған да 5 жыл бойы журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Сот үкіміне сәйкес, сотталғандар Асет Матаев, Әмір Қасенов және Жанна Қапарова жәбірленуші тарап – «Фридом Финанс» компаниясының пайдасына 165,4 млн теңге көлеміндегі материалдық шығынды ортақ тәртіппен өтеуге міндеттелді. Сонымен қатар өкілдің қызметіне жұмсалған шығындарға байланысты мемлекеттік баж ретінде 4,9 млн теңге өндіріп алу туралы шешім қабылданды.
Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және оған апелляциялық тәртіппен шағым берілуі мүмкін.
#Munarmedia #ASTANA #ҚазТАГ #Алматы #Сот #АсетМатаев #ӘмірҚасенов #Журналистика #FreedomFinance #Қазақстан