Munarmedia.kz. 23.09.2026. ASTANA. Қырғызстан Қытаймен мұнай-газ саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесін талқылап жатыр. Тараптар республика аумағында мұнай өңдеу зауытын салу, кен орындарын барлау және екі ел арасында мұнай құбырын тарту мүмкіндіктерін қарастырған.
Caliber.Az басылымының Қырғызстан БАҚ-тарына сілтеме жасап хабарлауынша, Қырғызстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Эрлист Акунбеков Бейжіңде Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы (CNPC) және Қытай мұнай-химия корпорациясының (Sinopec) басшылығымен келіссөз жүргізді.
Қырғызстан Министрлер кабинеті мәліметінше, кездесуде бірнеше маңызды жоба талқыланды. Атап айтқанда, Қырғызстанда мұнай өңдеу зауытын салу, мұнай-газ кен орындарын барлау және игеру, сондай-ақ екі мемлекет арасында мұнай құбырын тарту мәселелері қаралды.
Мұнай сақтау қоймаларын салу да қарастырылып жатыр
Бұдан бөлек, мұнай тасымалына кететін логистикалық шығындарды азайту мақсатында «Иркештам» және «Торугарт» өткізу бекеттерінің маңында мұнай сақтау қоймаларын салу мүмкіндігі талқыланған.
Әзірге аталған жобалар бойынша нақты келісімдердің жасалғаны, құрылыс мерзімі немесе инвестиция көлемі туралы ақпарат жарияланған жоқ.
#Қырғызстан #Қытай #МұнайӨңдеуЗауыты #МұнайГазСаласы #Экономика #Munarmedia