Munarmedia.15.09.2026.ASTANA. Қытайда азаматтардың елден шығуына қатысты жаңа ережелер күшіне енді. Енді технологиялық және ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін деп танылған кейбір азаматтардың шетелге шығуына шектеу қойылуы мүмкін.
Reuters мәліметінше, жаңа ережелер 15 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді. Олар технологиялық қауіпсіздікке қатер төндіруі ықтимал адамдардың елден шығуына тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.
Қытай билігі бұл өзгерістерді шілде айында жариялаған. Ресми түсіндіруге сәйкес, шектеулер экспорттық бақылау талаптарын немесе технология импорты мен экспорты ережелерін бұзуы ұлттық және технологиялық қауіпсіздікке зиян келтіруі мүмкін жағдайларға бағытталған.
Қытай азаматтары жалпы алғанда шетелге еркін шыға алады. Алайда мемлекет бұған дейін де мемлекеттік қызметкерлер мен ұлттық қауіпсіздікке қатысы бар адамдардың шетелге шығуына бақылау жүргізіп келген.
Жаңа ережелердің ерекшелігі – технология саласындағы қауіпсіздік мәселесінің жеке азаматтардың халықаралық сапарына қатысты факторға айналуы.
Бұл шешім Қытайдың жоғары технологиялар саласындағы бәсекелестік күшейіп отырған кезеңіне тұспа-тұс келді. Әсіресе жасанды интеллект, жартылай өткізгіштер және стратегиялық технологиялар бағытындағы халықаралық текетірес жағдайында Пекин технологиялық қауіпсіздікке басымдық беріп отыр.
Сарапшылар жаңа шаралардың Қытайдағы технологиялық компаниялар мен ғылыми зерттеу саласына қалай әсер ететінін бақылау қажет екенін айтады.