Ресейлік такси жүргізушісі АҚШ-та әскери базаға байқамай кіріп, ұсталды

47

Munarmedia.kz. 14.09.2026. ASTANAАҚШ-тың Калифорния штатында ресейлік Uber жүргізушісі навигатордың қателігінен әскери база аумағына кіріп кетіп, кейін миграциялық қызмет өкілдеріне тапсырылған. Бұл туралы ресейлік Shot Telegram арнасы хабарлады.

Сергей есімді азамат тапсырыс орындау үшін көлікпен келе жатқан. Алайда жолдағы бұрылыстан қателесіп, АҚШ теңіз жаяу әскерінің Camp Pendleton әскери базасының қақпасына барып қалған.

База аумағына кірмек болған көлікті әскери қызметкерлер тоқтатып, жүргізушіні миграциялық қызметке тапсырған. Кейін ол уақытша ұстау орталығына жөнелтіліп, депортациялау рәсімі басталған.

Ақпаратқа сәйкес, Сергей АҚШ-қа 2019 жылы студенттік визамен барған. Бір жылдан кейін оның визасының мерзімі аяқталған. Осыдан соң ол елде қалу үшін баспана сұрап, өтініш берген және жұмыс істеуге рұқсат алған.

Алайда жүргізушінің адвокаттары оның осы құжаттарына қарамастан, сот шешімі бойынша миграциялық іс қаралып жатқан кезде еркіндікте қала алмайтынын хабарлаған.

Бұл әскери базаға навигатордан адасып кірген алғашқы жағдай емес.

Бұған дейін, 2026 жылдың 26 қаңтарында, дәл осы Camp Pendleton базасына екі ресейлік әйел де байқамай кіріп кеткен.

Әйелдер АҚШ аумағында көлікпен саяхаттап жүрген. Сан-Диего маңында тамақтанатын орын іздеп, негізгі жолдан бұрылған кезде навигатор оларды әскери база арқылы өтетін бағытқа түсірген.

Осылайша, қарапайым навигатор қатесі олардың АҚШ әскери нысанының аумағына кіруіне себеп болған.

Мамандардың айтуынша, әскери базалардың аумағына кіруге қатысты АҚШ-тағы қауіпсіздік талаптары өте қатаң. Сондықтан адамның нысанға қасақана емес, кездейсоқ кіріп кеткенінің өзі құқық қорғау органдарының тексеруіне себеп болуы мүмкін.

Бұл оқиға АҚШ-тағы әскери нысандар маңында автокөлікпен жүрген адамдарға навигациялық қосымшалардың көрсеткен бағытын мұқият тексерудің маңызын тағы бір мәрте көрсетті.